Жаңалықтар
Бірыңғай дистрибьютор отандық тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттарды жасасуға конкурс жариялады. Конкурс нәтижесі бойынша компания-жеңімпаздар өздерінің фармөнімдері үшін 10 жыл кепілдендірілген өткізу нарығына, ал қазақстандықтар – жаңа фармацевтикалық зауыттарға және науқастарға тегін ұсынылатын отандық өндірістің сапалы дәрі-дәрмектеріне ие болады. Конкурсқа 398 дәрілік заттардың атауы мен 2838 медициналық мақсаттағы бұйымдардың атауы жарияланды.
Конкурстық тізімге қан айналымы жүйесі, тыныс алу органдары, асқорыту органдары, несеп-жыныс жүйесі, тірек-қимыл аппараты мен дәнекер тін, қан, эндокриндік жүйе, сондай-ақ онкологиялық аурулар, туберкулез, АИТВ және басқа да ауруларды емдеуге арналған препараттар кірді.
Конкурсқа қатысу үшін көрсетілген номенклатура бойынша фармөнімдерді өндіргісі келетін компаниялар нормативтік-құқықтық құжаттардан басқа, егжей-тегжейлі жұмыс істелген бизнес-жоспар немесе техникалық-экономикалық негіздемені 25 шілдеге дейін ұсынуы керек. Жобалар салалық сарапшылар мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, бірыңғай дистрибьютор, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдері кіретін конкурстық комиссиямен қаралады.
Конкурстың жеңімпаздары жаңа фармөндіріс құру немесе қолданыстағыны модернизациялау арқылы осы дәрі-дәрмектер өндірісін халықаралық стандарттарға сәйкес екі жыл ішінде ретке келтіруі керек болады. Дәрі-дәрмектерді тіркеуге тағы екі жыл жұмсалады. Осы шарттар орындалған кезде отандық өндірушілер шығарған дәрілік заттар он жыл бойына Қазақстан халқын тегін дәрілік қамтамасыз ету үшін сатып алынатын болады. Мұндай кепілдендірілген өткізу нарығы өндірушілерге инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз етеді және зауыттарды салу немесе модернизациялау шығындарын өтеуге мүмкіндік береді.
Ашықтықты қамтамасыз ету үшін конкурстық рәсімдердің сатылары Facebook-тегі «СҚ-Фармация» ЖШС ресми аккаунтында онлайн режимінде көрсетілетін болады. Конкурс қорындысы қазан айында жарияланады.