Жаңалықтар
Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тегін берілетін дәрі-дәрмектің артығымен сатып алынуын сынға алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазіргі уақытта дәрі-дәрмектерді өте көп мөлшерде алып жүрміз. Яғни, шын мәнінде қанша дәрі қажет екендігін білмейміз. Артық ақша жұмсап сатып аламыз да бәрін қоймаға жинаймыз. Осылайша, шығынына ұшырап отырмыз. Әр өңірге қажетті дәрі-дәрмек санын білмейміз. Қай дәріге, қай ауруханадан, емханадан өтінім қалай түсті сол қалпында қарастырамыз. Міне, Қызылорда, Маңғыстау облысының халқы дәрі-дәрмектің 50 процентін ала алмай отыр, яғни дәрі-дәрмек артылып қалды. Облыстарда дәрі-дәрмек шығыны 1 млрд теңгеге дейін шығып жатыр. Осы мәселені, Елжан Амантайұлы (Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі - авт.) мұқият қадағалаңыз», - деп тапсырды Премьер-Министр Үкімет отырысын қорытындылау сөзінде.
Сонымен бірге, Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтау қызметтерін қайта реттеу мәселелеріне тоқталды.
«Биылғы бес жылдың қорытындысы бойынша, денсаулық сақтау саласында СҚО-да бірде-бір жеке кәсіпорын ашылмаған. Қарағандыда - 4, Ақмола - 8, Алматы облысында - 9, Павлодарда - 15. Астанада - 90, Алматыда - 57, Түркістан - 43 жеке кәсіпорын жұмыс істеуде. Осыған әкімдер көңіл бөлуі керек. Мүмкіндіктің бәрі жасалды, енді жаңа жұмыс орындары ашылуы керек, - деді Үкімет басшысы.