СК-Фармация

Жаңалықтар

Тегін дәріге қол жеткізудегі қиындықтар
16 шілде 2018
Тегін дәріге қол жеткізудегі қиындықтар




Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халық алдында өткізген есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуынша, министрлік бірінші кезекте қазақстандықтардың денсаулығын сақтау және нығайту мәселелеріне ерекше назар аударады. 

«Бұл бағытта үлкен жұмыс жасалды. Өткен жылы Елбасы да денсаулық сақтау саласы бойынша бірнеше міндеттер қойды. Ең бірінші дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сонымен қатар отандық фармацевтикалық өндірушілерді және медицина саласын­дағы жекеменшік секторды қолдап салаға инвестиция тарту, цифрлан­­дыру жұмыстарын жүйелі жүргізу қа­­жет. Өздеріңізге мәлім, біз биылдан бас­тап тегін медициналық қамтамасыз ету мәселесін республикалық деңгейге кө­шірдік. Өткен жылда осы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 100 миллиардтай ақша бөлінген болатын. Оның жартысы республикалық бюджеттен, жартысы жергілікті бюджеттен қарастырылды. Жылдың басын­да азаматтардың көпшілігі те­гін дәрі-дәрмек алу бойынша бір­неше қиындыққа душар болды. Біз сол күндерден бастап туындаған мә­селелерді шешумен айналыстық. Жал­пы, еліміз бойынша фармация ко­митетіне 2 мыңнан астам азаматтан ақ­параттар келді. Барлық жағдайларды тексердік. Созылмалы аурумен ауыратындар тізімге кірмеген. Соларға тегін дәрі-дәрмек жоспарланбаған. Екінші мәселе жергілікті деңгейден қажетті қар­жыландыру болмағандықтан, көп азаматтарға дәрі-дәрмек жетпеген. Мемлекеттік бюджет есебінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген паци­енттер саны соңғы 5 жыл ішінде 15 пайызға артқан. Дәрілік заттармен қамту процесінің тиімділігі мен ашықтығы мақсатында биылғы жыл­дан бастап амбулаториялық дә­рі-дәрмектерді сатып алуды ор­та­­­лық­тандыру жүргізілді, онлайн тран­сляция режімінде сатып алуды ұйымдастыру нәтижесінде бюджет қаражатын үнемдеуге қол жет­кізілді. Қазір өңірлік қоғамдық ден­сау­лық сақтау басқармалары осы сомаға орталықтандыру кезінде анық­тал­ған тапшылықты жабуға және емделуге мұқтаж барлық азаматтар­ды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойын­ша қосымша өтінімдерді қа­лып­тастырды», деді Денсаулық сақтау министрі. Сонымен қатар ол осы айда 2019 жылға арналған дәрі-дәрмекті сатып алу жүргізілетінін жеткізді. 

Дереккөз: Егемен Қазақстан