Жаңалықтар
Дәрі-дәрмектерді электронды түрде сатып алуға мүмкіндік беретін веб-портал іске қосылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Веб-порталдың таныстырылымына ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, әлеуетті дәрі-дәрмек жеткізуші компания және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Осы орайда Елжан Біртанов порталдың іске қосылуы маңызды екенін атап өтті.
«Бұл біз үшін маңызды шара. Президенттің тапсырмасы бойынша халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін шешуге тырысудамыз. Оның ішінде дәрі-дәрмекті сатып алу мәселесі, «СК-Фармация» компаниясындағы дәрілік преператтарды сатып-алу рәсімін ашық түрде жүргізу де бар. Тендерлерді интернет арқылы көрсетіп отырдық. Осылайша, мемлекеттен бөлінген ақшаның 10% үнемдей алдық. Нәтижесінде 26 млрд теңгеге халыққа қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалды. Цифрландыру мәселесі де маңызды. Қазіргі таңда біз еліміздегі ауруханаларға ІТ технологияларды енгізу мәселесін шешудеміз», - деді министр.
Кейін «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп дәрі-дәрмектерді сатып алу рәсімі ашық түрде жүргізу үшін аталған порталдың іске қосылғанын айтты.
«Осыған дейін дәрілерді сатып алу рәсімін Facebook және біздің сайт негізінде онлайн трансляция арқылы жүргізілді. Аталған рәсімді толығымен ашық түрде өткізу үшін «Электронды коммерция орталығымен келісімге келдік. Осылайша, медициналық дәрі-дәрмекті және бұйымдарды сатып алу рәсімін жүргізу үшін электронды порталды дайындадық. Барлық әлеуетті өнім жеткізушілердің қатысуымен 19 шілдеден 26 шілдеге дейін порталды сынақтан өткіземіз. Ал келесі жылы дәрі-дәрмекті сатып алуды түгелімен веб-портал арқылы жүргіземіз», - деді басшы.
Оның пікірінше, веб-порталды іске қосылуы жемқорлық деректерін азайтуға мүмкіндік береді.
«Дәрі-дәрмекті салып алу процедуралары толығымен ашық түрде жүргізіледі. Яғни бүкіл төлемдер бақылауға болады. Әрбір адам оны көре алады», - деп түйіндеді сөзін Берік Шәріп.