СК-Фармация

Жаңалықтар

2019 жылға тегін дәрілерді сатып алу рәсімі басталды
20 тамыз 2018
2019 жылға тегін дәрілерді сатып алу рәсімі басталды

Медициналық ұйымдар 2019 жылы қазақстандықтарға тегін медициналық қызмет көрсету үшін қажет болатын дәрі-дәрмектерге өтінімдер қалыптастыра бастады.

Келесі жылы тегін дәрілік қамтамасыз ету үшін бекітілген препараттардың тізбесі министрдің бұйрығымен бекітілді және бірер күнде БАҚ-та жарияланды. Бұйрық 20 тамызда күшіне енген соң, «СҚ-Фармация» ЖШС дереу 2019 жылға сатып алу рәсімдерінің басталғанын жариялайды.

ҚР ДСМ Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекованың айтуынша, тегін дәрілік қамтамасыз ету үшін сатып алынатын дәрілер мен медициналық бұйымдардың тізімі осы жылы 1144 позицияны қамтиды. Оған дәрілердің 829 атауы мен медициналық бұйымдардың 315 позициясы кірген. Бұл дәрі-дәрмектер еліміздің медициналық ұйымдарында диспансерлік есепте тұратын пациенттерге де, стационарларда тегін ем алатын пациенттерге де босату үшін сатып алынады.

Людмила Бюрабекова: «45 ауру бойынша диспансерлік есепте тұратын пациенттерді амбулаториялық емдеу үшін осы жылы дәрі-дәрмектердің 550-ден астам атауы айқындалды. Салыстыру үшін айтсақ, ағымдағы жылы амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін 482 атау сатып алынған», -деп атап өтті.

Ағымдағы жылы орын алғандай, жыл басында препараттардың тапшылығын болдырмау үшін, бірыңғай дистрибьютор бұйрық күшіне ене салысымен, сатып алу рәсімдерін бастайды.

«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп сатып алудың осынша ерте басталуы ағымдағы жылдың соңында барлық препараттар бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына келіп түсуі үшін қажет екенін түсіндірді. Берік Шәріп: «Орташа алғанда, тендер рәсімдері шамамен екі айға созылады.тендер нәтижелері бойынша шарттар жасалады және дәрі-дәрмектер жылдың соңында-ақ біздің қоймаларымызда болады», - деп түсіндірді.

Бірыңғай дистрибьютор басшысының айтуынша, препараттарға қазіргі қалыптасқан қажеттілік нақты емес. Ауруханалар мен емханалар өз өтінімдерін келесі жылдың басында «СҚ-Фармациямен» шарттарға қол қою сәтінде тағы түзете алады.

Берік Шәріп: «Дәрілік қамтамасыз етуді цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты ескере отырып, келесі жылы біз ағымдағы жылы амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету бойынша ұшырасқандай, медициналық ұйымдардың препараттарға қажеттілікті есептеуімен байланысты проблемаларды болдырмауға қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Қазір біз қажеттілікті жоспарлау кезінде барлық пациенттердің дербестендірілген есебіне көшуге мүмкіндік беретін тетіктерді пысықтап жатырмыз», - деп хабарлады.

«СҚ-Фармация» ЖШС басшысы, сондай-ақ, биыл дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу алғаш рет электрондық форматта жүргізіліп отырғанын еске салып өтті.

 

Дереккөз: «СҚ-Фармация» ЖШС Баспасөз қызметі