СК-Фармация

Жаңалықтар

Қазақстанға арналған инсулинді Өзбекстанға сатқандар анықталды
02 сәуір 2019
Қазақстанға арналған инсулинді Өзбекстанға сатқандар анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанға арналған инсулиннің Өзбекстаннан табылу фактісі қалай тексеріліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өзбекстанда табылған қазақстандық инсулинге қатысты тергеуге бастамашылық жасағынымызды білесіздер. Қазіргі уақытта аталған инсулинді сатқандар анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өкінішке орай, біз оны жария ете алмаймыз. Біздегі ақпаратқа сәйкес, құқыққорғау органдары қазірдің өзінде тергеу амалдарын қолға алған», - деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.  

Осы орайда Е.Біртанов аталған мәселеге байланысты 2018 жылы жан-жақты сараптама жүргізілгенін айтты.

«Проблеманы анықтап, өткен жылдың көктемінде құқыққорғау органдарына бердік. Бұл фактілерді соңғы уақытқа дейін құқыққорғау органдарымен, Бас прокуратурамен бірге тексердік. 28 қылмыстық іс қозғалды. Мән-жайын құқыққорғау органдары хабарлайтын болады», - деді ол.

Оның дерегінше, қазіргі уақытта тексеру шараларының екінші кезеңі басталды.

«Қазіргі уақытта наркологиялық, психиатриялық, туберкулезге қарсы диспансерлерде, ВИЧ орталықтарында тексерудің екінші кезеңін жүргізіп жатырмыз. Бұл қорытынды алқа жиналысынан кейін берген тапсырмам. Қазірдің өзінде тиімсіз жоспарлау фактілері анықталып жатыр. Мұның барлығын анықтауға қызметтерді цифрландыру мүмкіндік береді. Бұл жұмыстарды одан ары да жалғастырамыз», - деді ол.

Айта кетейік, ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин Қазақстан азаматтарына арналған инсулинді Өзбекстанға сату фактісі бойынша прокуратура тексеру жүргізіп жатқанын мәлім еткен болатын.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова да қазақстандықтарға арналған инсулиннің Өзбекстанда сатылып жатқанына байланысты ақпаратқа пікір білдірген еді.

«Инсулиндер бірыңғай дистрибьютор (СК-Фармация) арқылы сатып алынып, Қазақстанның тікелей медициналық ұйымдарына келіп түседі. Ол жерде инсулиндер рецепт ретінде жазылып, пациенттердің қолына тапсырылады. Өткен жылы біз бөлшек сауда желісінде бірыңғай дистрибьютор арқылы алынған осындай препараттардың сатылу жағдайларын анықтаған болатынбыз. Бұл фактілер туралы құқық қорғау органдарына да хабар бердік. Біз пациенттердің сол препаратты алғанынан немесе басқа жерге (Өзбекстандағы дәріханаларға) сатқанынан хабарымыз жоқ. Болмаса ол препараттар сызылып тасталып, медициналық ұйымдардан алынып кеткен. Басқа органдар мен прокуратура нақты осы істің мән-жайын анықтау үстінде», - деген еді Людмила Бюрабекова.

Дереккөз: inform.kz