Жаңалықтар
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттіктер тегін дәріні енді емхананың өзінен ала бастады. Бұл үшін қаладағы 13 мемлекеттік емхана ішінен дәріханалар ашылып, халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, тегін дәрілер ең алдымен диспансерлік есепте тұратын азаматтаға беріле бастаған.
«Бұрын «СК Фармация» қандай жекеменшік дәріханамен келісім-шартқа отырса, сол жерден алатын. Қазір науқастар тікелей емхана дәріханасына келеді. Мұның тиімділігі - диспансерлік есепке тұрған азаматтар дәрігердің қабылдауында болып, емдік рецептімен бірден дәрі-дәрмегін алып кетеді», - дейді №7 емхананың бас дәрігері Айман Оспанова.
Қазіргі кезде көбіне медициналық ұйымдарда жүрек ахауымен есепте тұратын пациенттер дәрілік заттарын тегін алуда. Сондай-ақ қаладағы емханаларда дәрігерлердің жүктемісі азайып, 60-қа жуық жаңа учаскелер ашылды. Осыған сәйкес медициналық ұйымдарда терапевт және педиатр дәрігерлері толықтырылмақ.
Айта кетейік, Шымкентте смартфондық ақпараттық жүйеге күні бүгінге дейін 154 609 азамат тіркелген. Нәтижесінде мобильдік қосымша арқылы тұрғындар кез-келген медициналық қызметке қол жеткізіп, тіпті зертханалық талдау қортындыларын да алуда.