Жаңалықтар
Қарағанды облысында диспансерлік есепте тұрған 11 693 пациент 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 3,8 млрд. теңге мөлшерінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Өңірдегі дәрі-дәрмектің ең көп бөлігі қант диабеті бар емделушілерге 743 млн.теңге мөлшерінде берілді.
Қарағанды облысында артериялық гипертензиясы бар пациенттерді қамтамасыз ету үшін 459 млн.теңге жұмсалды. Сонымен шамалас бюджеттің́́ көлемі, 454 млн. теңге, онкологиялық аурулармен есепте тұрған қарағандылықтарды тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталды.
Облыста сирек кездесетін ("орфандық") мукополисахаридоз ауруын емдеу үшін жылдың алғашқы 6 айында емделушілерге 400 млн.теңгеден астам сомаға дәрілік заттар берілді. 253 млн. теңге сомасындағы дәрі-дәрмек өкпенің созылмалы обструктивті ауруы бар науқастарға берілді.
Қан ұю факторларының тұқым қуалайтын тапшылығы (гемофилия) және гематологиялық аурулары бар пациенттерге рецепт бойынша босату үшін дәрі-дәрмекке 235 млн. теңгеден жұмсалды.
Барлығы мемлекеттік бюджет есебінен 45 нозология бойынша науқастар қамтамасыз етіледі. Бірінші жартыжылдықта облысқа 5,1 млрд. теңге сомаға тегін амбулаториялық қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмек келіп түсті. Бұл көрсеткіш 10,2 млрд. теңгені құраған облыс бойынша жалпы жылдық өтінімінің тура жартысын құрайды.