Жаңалықтар
Меланоманы емдеу үшін қымбат инновациялық препаратты сатып алу туралы «СҚ-Фармация» Басқармасы Төрағасының міндетін атқарушы Берік Шаріп өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
«Бірнеше күн бұрын біз пациенттерімізге Пембролизумаб (сауда атауы - Китруда) препаратын онкоорталыққа жеткізу туралы шартқа қол қойдық. Бұл препараттың бір құтысының құны 1 млн. 485 мың теңгені құрайды», - деді Берік Шәріп.
Бұл қымбат инновациялық иммунотерапевтикалық препарат үдемелі меланомасы бар пациенттер үшін таяуда ғана әзірленді. Ол осыған дейін емделмейтін болып саналған бұл онкологиялық ауруды емдеу кезінде емделушілердің өмір сүру көрсеткішін 50%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылдың 9 шілдесінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы препаратты Негізгі дәрілік заттар тізбесіне енгізді. Бұл құжат ДДҰ ұсынған өмірлік қажетті дәрілік препараттардың тізімін анықтайды, олар денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейлерінде қолайлы баға бойынша кең қол жетімді болуы тиіс.
«Қазақстанда Пембролизумаб ТМККК шеңберінде қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін сатып алуға жататын препараттар тізіміне сәуір айында енген болатын. Қазір, барлық тиісті сатып алу процедураларын өткізгеннен кейін, препарат сатып алынды. Аймақтарға жеткізу басталып кетті, енді емделушілер осы заманауи және қымбат тұратын препаратпен тегін қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті Facebook-тегі постында Берік Шәріп. Препарат үдемелі меланомасы бар емделушілерге тек тиісті көрсетімдер болған жағдайда ғана тағайындалады.
Бірыңғай дистрибьютор басшысының айтуынша, 2019 жылы мемлекеттік бюджет есебінен 36 млрд. теңгеге онкологиялық ауруларды емдеуге арналған 155 дәрі-дәрмек сатып алынады, оның үстіне сатып алу кезінде 2,5 млрд. теңгені үнемдедік. Оның 47 атауы – таргеттік.
Таргеттік терапия – бұл онкологиялық ауруларды емдеудегі соңғы сөз. Барлық тез бөлінетін жасушалардың өсуіне кедергі болатын дәстүрлі химиотерапияға қарағанда, мұндай емдеуде канцерогенезде және ісіктің өсуіне әсер ететін нақты мақсатты (таргеттік) молекулалардың әсер ету механизміне араласу арқылы обыр жасушаларының өсуі бұғатталады.