СК-Фармация

Жаңалықтар

Ел екпеден емес, емнің дұрыс жасалмауынан қорқады
20 мамыр 2020
Ел екпеден емес, емнің дұрыс жасалмауынан қорқады

Атам қазақ: «сақтансаң – сақтайды» дейді. Мамандар жұқпалы дерт-дербездерден сақтанудың бірден-бір жолы екпе екенін айтып дабыл қағуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, вакциналау жыл сайын жер бетіндегі 3 млн-нан астам адамның өмірін аман алып қалатын көрінеді. Дей тұрғанмен әлемде вакцинаға қарсы халықтың қарасы жыл санап көбеюде. Қазақстанда да жағдай осындай. Соған қарамастан енді елімізде екпе міндеттелуі мүмкін. Күні кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Онда депутат Бекболат Тілеухан ұсынған екі түзету қабылданбады. Оның бірі заң жобасындағы профилактикалық екпелер жүргізу «міндетті» деген сөзді «құқылы» деп өзгерту болса, екіншісі екпе жасалмаған балалардың балабақшаларға баруына тыйым салатын нормаларды алып тастау еді.

Биылғы жылы ел тұрғындарын вак­циналауға қазынадан 28 млрд теңге шамасында қаражат бө­лі­­­­ніпті. Бұл ақшаға 19 түрлі им­­му­нобиологиялық препа­рат пен 5 түрлі шприц сатып алынады екен. Денсаулық сақтау министрлігі Та­уар­лар мен көр­сеті­летін қыз­мет­тердің сапасы мен қа­уіп­­сіздігін бақылау коми­те­ті Ин­фек­циялық ауруларды эпи­де­ми­ялық қадағалау бас­қар­­ма­сы­ның бас маманы Нұршай Әзім­баеваның айтуынша, Үкіметтің қаулысына сәйкес республикалық бюджеттің есебінен 17 инфекциялық ауруға қарсы вакциналау жүргізілсе, 4 түрлі екпеге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. Осы 21 екпенің 11 түрі балаларға жоспарлы түрде салынады.

Мәжіліс депутаты Зәуреш Аман­­жо­лова барлық екпе мін­дет­ті және ерікті болып нақты бөлі­нетінін, ал ба­лалардың бала­бақшаға баруы «ұжым­дық им­мунитет­тің» деңгейіне бай­ла­ныс­ты жүзеге асырылатынын ай­тады. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық ор­та­лығының Ин­фек­­циялық және па­ра­зиттік ауруларды талдау және мо­ни­торинг бөлімінің бас ма­маны Гүлмира Өтепова бүгінде Ден­саулық сақ­тау министрлігінде вакциналау мәсе­лесіне қатысты жобалық кеңсе құ­рылғанын жет­кіз­ді. Егер заң жо­басы Сенатта мақұл­да­нып, Президент қол қоятын болса әр кезең бойынша жоспар құрылып, соған сәйкес жұмыс жүре­тін болады. Яғни санитарлық-эпи­де­мия­лық саламаттылық сала­сын­­дағы мем­­лекеттік орган мен имму­но­про­­фи­лактика мәселесі бойынша консультативтік комиссияның оты­рыс­­тарында әрбір мәселе тал­қы­ланады. «Бірінші кезекте қан­дай қағидалар мен ережелер қабыл­данатыны қаралады. Яғни профи­лак­ти­калық егу жүргізетін аурулардың тізімі, оларды жүргізу ере­жесі және халықтың жоспарлы егі­лу­ге жататын топтарын анықтаған Үкіметтің №2295 қаулысына өзгерістер енеді. Денсаулық сақтау министрлігінің егу мәселелері бойынша бұйрық­та­ры қайта қаралады. Бұдан бөлек цифр­лан­дыру бағытында имму­но­про­филак­ти­ка ұлттық регистрінің мобильдік қо­сым­ша­ларын іске асыру, шұғыл желісі мен рес­ми сайты бар иммунопрофилактика мәсе­ле­ле­рімен айналысатын орталық құ­ру жоспарланған», дейді Гүлмира Өтепова.

 Ата-аналар бейресми ақпаратқа сенеді

Биылғы жылдың алғашқы үш айында республика бо­йынша 18 076 адам екпеден бас тартқан. Яғни, бұл көрсеткіш өткен жыл­дың осы кезеңімен салыс­тырғанда 6,3%-ға өсіп отыр. Жас шамасы бойынша айтатын болсақ, олар­дың 60 па­йыздан астамы 1 жасқа дейін­гі сәбилер, 30%-ы 1-5 жас аралы­ғындағы, ал 9%-ы 6-15 жас аралы­ғындағы балалар болса, 16 жас­тан асқан ересектер 0,3%-ды құраған. Сондай-ақ 53%-ы жеке пікіріне, 30%-ы діни көзқарасына, 7%-ы интернет ресурстарынан алған теріс ақпараттарға бай­ла­ныс­ты бас тартқан. Жалпы алғанда бас тартушылардың басым бөлігі Ақтөбе, Қарағанды, Атырау, Алма­ты облыс­тарында және Алма­ты қала­­сын­да екен.

Мамандар екпеден бас тарт­қан­­дар­дың санының артуын олар­дың бейресми ақпараттарға көбірек жү­гі­­не­тіндігімен байланыстырады. «Қазір­гі кезде ата-аналар денсаулық сақтау ұйым­дарының ресми ақпарат көз­дерінен гөрі ин­тер­­нет желі­сін­дегі дұрыс емес, яғни осы мәселелер бойынша кеңес беруге құзы­реттілігі жоқ адам­дардан естіген ақпарат­тар­ға көбі­рек се­не­ді. Сөйтіп оларда екпеден ке­йінгі әртүрлі асқынулардан қорқынышпен қатар, белсенді иммундау зиян деген сияқты жаңсақ пікірлер қалыптасқан. Қазіргі заманда ақпараттық кеңістіктің қол­же­тімділігі осындай теріс әсерін тигі­зіп тұр. Ал түсіндірме жұмыс­тары жеткіліксіз деп айта алмаймын. Тіпті егу кабинеттеріндегі меди­­цина қызметкерлері пациент­тер­ге жұқ­палы ауруларға қарсы егіл­меген жағ­дай­да қан­дай зар­дап­тардың болатынын егжей-тегжейлі айтады», дейді Гүлмира Өтепова.

Қоғамдық денсаулық сақ­тау ұлттық орталығы Жұқ­па­­лы ауру­­­­лардың алдын алу депар­та­мен­ті­нің аса қауіпті инфек­ция­ларды тал­дау мен монито­рин­гі­леу және зертханаларды дамыту бөлімінің бас­шысы Әсем Күмісбаева болса жыл сайын әлемде 10,6 млн бала бес жасқа жетпей қайтыс болатынын, олар­дың 1,4 млн-ы вакциналау кө­ме­­гімен алдын алуға болатын ауру­­лар­дан көз жұматынын алға тар­тады. «Соңғы жүз жылда адамдар екпе арқылы бірқатар жұқпалы ауру­ларды бақылауда ұстап қана қоймай, кейбірін мүлдем жоюға болатынын түсінді. Дегенмен адамның инфекциялық аурулармен күресі тоқ­тау­сыз жүріп жатыр. Халықтың шамамен 95 пайызы вакцина алған кезде ұжым­дық иммунитет қалыптасады. Егіл­ме­ген адам­дар өздерінің ғана емес, маңайын­дағы­лар­дың да жұқпалы дертке шал­ды­ғу ықтималдығын арттырады», дейді Ә.Күмісбаева.

 Сапасы қатаң қадағаланады

Өткен жылы депутат Б.Тілеу­хан­ның: «Мен вакцинаға қарсы емеспін. Қоғам тара­пынан вакцина сапасы, оны тасымалдау, сақтау, бақылау, ақпараттандыру, егу кезеңдеріне қатысты сын жиі айтылады. Мен оны мін­дет­­теуге қарсымын. Мен де ба­лам­ның ауру болғанын, ауру таратқыш болғанын қала­май­­мын. Сондықтан вакцина еккі­зе­мін. Бірақ «быт-шыт» вакци­на­ны еккізіп, көз ал­дым­да мү­ге­дек қылатын жағдайға жол бер­гіз­бей­мін», дегені бар.

Ал Гүлмира Өтепова бүгінгі таңда республика көлемінде вакциналаудан кейін мүгедек болған балалардың жоқ екенін айтады. «Кез келген екпеден кейін асқыну болған жағдайда шұғыл түрде хабарлама беріліп, комиссия жа­сақ­талып, жағдай тексеріледі. Бас мем­лекеттік санитарлық дәрі­гер­дің бұйрығымен бекітілген арна­йы тексеру тәртібі бар. Рес­пуб­лика көлемінде иммуно­про­фи­лактикалық егу жұмыс­та­ры бойынша екпеден кейінгі қолайсыз көріністерге ай сайын мониторинг жүр­гі­зіліп отырады. Статистикаға жүгінсек, осы жылдың бірінші тоқсанында респуб­лика көлемінде 20 жағдай тіркелген. Мұ­ның барлығы БЦЖ вакцинасынан ке­йінгі жергілікті патологиялық өзге­ріс­тер», дейді ол.

Денсаулық сақтау министр­лі­гі­нің өкілдері екпеден кейінгі 2-3 күнде адамдардың 5%-ында дене қызуының көтерілуі, 10%-ында ауырсыну, инъекция орнының қызаруы, ісінуі сияқты жеңіл ауру белгілері болатынын айтады. «Ауыр жанама әсерлер өте сирек кездеседі. Мысалы, ДДҰ-ның кейбір мәліметтерінде полиомиелитке қарсы вакцинаны еккеннен кейін сал болу жағдайы тіркелуі мүмкін екені айтылады. Бірақ ол екі, екі жарым млн баланың біреуінде ғана кездесуі ықтимал. Оның өзі баланың иммунитетінің төмендігімен байланыстырылады. Елімізде бұл вакцина балаға 2 айы­нан бастап 5 рет салынатын еді, осындай қауіптің алдын алу үшін 2013 жылдан бас­тап 12-15 айында 1 рет қана салы­натын болып өзгертілді. Қалай дегенмен де, көп жағдайда ауыр жанама әсерлер кездейсоқ сәй­кес­тік­тен туындап жатады», дейді Н.Әзімбаева.

Қазақстанда екпенің тек обаға қарсы түрі ғана дайындалады. Өзге­­сі­нің бар­лы­ғы Жапония, Фран­ция, Үндістан, Белгия, АҚШ, Ресей сияқты елдерден әкелінеді. Нұршай Әзімбаева әр пре­па­раттың сапасы мен қауіпсіздігі қатаң тексерілетінін айтады. Ол: «Мемлекеттік тір­кеу­де бол­маған препаратты егуге рұқсат жоқ. Ал вакцина­ларды мемлекеттік тіркеу жұмысын Дә­рі­лік заттар мен меди­ци­на­лық бұйымдарды сараптау ұлт­тық орталығы арнайы жүр­гіз­еді. Вак­­ци­наның сапасын күр­делі тексеруден өткізу – көп кезеңді, күрделі про­цесс. Қазақ­стандық стандарттар өте қатаң және еуропалық фармако­ло­гия стандарттарына сәй­кес­­тендірілген» десе, Гүлмира Өте­пова вакцинаның сапасы мен қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін препараттың әр партиясына мін­детті түрде сертификаттау жүргізілетінін айтады.

Сондай-ақ екпелерді сақтау мен тасы­ма­лдау да қатаң бақы­лау­да. «Вак­ци­наларды сақтау мен тасы­мал­дау­дың арнайы шартта­ры бар. Кейде осы талаптар дұрыс сақталмаған жағдайлар да кездеседі. Мұндай кезде екпе айналымнан алынып, жойылады. Ал ондай препарат адам ағзасына салынған болса ешқандай кері әсері болмайды, өйт­кені ол тек қа­сиетін жойған жай ері­т­інді сияқ­ты болып қалады», дейді Н.Әзімбаева.

  Екпеден бұрын медициналық тексеру жүргізу – міндетті

Құзырлы орган өкілдері про­фи­­лак­тикалық егу жүргі­зер­ден бұрын дәрі­гер пациентке меди­циналық тексеру жүргізуге мін­детті екенін айтады. «Ме­дицина қызметкері баланың екпе алу­ға қарсы көрсеткіштерін алдын ала анықтауы тиіс. Қажет болған жағ­дай­да анализдік талдау және басқа да медициналық тексеру жүргізуі керек. Егу кабинетіне барудан бұрын міндетті түрде дәрігердің қабылдауында болып, рұқсат бергеннен кейін ғана екпе салынады», дейді Нұршай Әзімбаева.

Сондай-ақ ата-ана меди­ци­на­лық қызметкерлерден екпелер тура­лы толық ақпарат алуға құқылы екенін айтқан Гүлмира Өтепова: «Олар вакци­на­лаудың нақты мерзімдері тура­­­лы, қан­дай инфек­ция­ға қарсы егу жүр­гі­зі­летіні, баланы екпеден кейінгі бақылау бойынша толық ақпарат ала алады. Сонымен қатар әрбір ата-ана баласына екпе жасатар алдында қандай жағдайда немесе қандай созылмалы ауруларға екпе жасатуды кейінге қалдыру қажеттігі туралы білсе ол да ар­тық­­тық етпейді. Бұл да Ден­сау­лық сақтау министрлігінің №361 бұй­рығымен бекітілген», дейді.

Оның айтуынша, егілетін адамды медициналық зерттеп қарау жағдайының нашарлауы бойынша шағымданған кезде ғана жүзеге асады. Немесе аурудың объективтік сим­птомдары болған кезде ғана жүр­­гізіледі. «Негізінде баланың ата-анасына немесе заңды өкіліне им­мун­даудан ке­йін­гі ықтимал реакциялар мен қолайсыз көрсеткіштер, егуден бас тартудың салдары туралы толық ақпарат беріледі. Медицина қыз­меткері егілетін баланың ата-ана­­сына немесе оның заңды өкі­лі­не ере­жеге сәйкес бекітілген сауалнама жүр­гі­зеді. Осы шараларды аяқ­та­­ған­нан кейін дәрігер иммундауға қарсы көрсетілім бол­маған жағ­дай­да бала­ның ме­ди­циналық құ­жа­тына егу жүр­гізуге байла­ныс­­ты рұқсатты және про­­фи­лак­­тикалық егуді жүргізуге ата-ана­ның келісімін жазбаша түрде рә­сім­дей­ді», дейді бас маман.

Дегенмен министрлік өкілдері кей жағдайларда екпеге келген бала­­лар­дың денсаулығын толық тек­­сермеу кездесіп жататынын теріс­ке шығармады. «Кейде медицина қызметкерлері ауруды дер кезінде анықтамастан екпе жасап жататыны рас. Өкінішке қарай мұны да кездейсоқ сәйкестікке жатқызуға болады. Осындай қа­те­ліктерді болдырмас үшін екпе жұмысына тартылған бар­лық медицина қызметкерлерін жыл сайын дайындықтан өткі­зе­міз. Егер келеңсіз жағдай анық­тал­са олар бірден егу жұ­мы­­сынан шеттетіліп, қайта даяр­лау­­ға жіберіледі», дейді Нұршай Үйсінтайқызы.

Қалай дегенмен де бұл мәсе­ле­де қоғам пікірі екіге жарылып отыр. Тіпті жақында екпені міндеттеуге қар­сылық танытушылар тобы пети­ция дайындап та үлгерген. Оған бір аптада 150 мыңнан астам адам қол қойыпты. Ал әлеуметтік желі­дегі әлеумет пікірін бағамдап қара­сақ, көпшілігі жұқпалы аурудан сақ­тайтын екпеден емес, оның дұрыс салынбауынан туындайтын салдарынан қорқатын көрінеді...

Дереккөз: https://egemen.kz