СК-Фармация

Жаңалықтар

37 компания 10 жылдық келісімшартқа таласып жатыр
16 маусым 2020
37 компания 10 жылдық келісімшартқа таласып жатыр

«СК-Фармация» компаниясы жариялаған 10 жылдық келісімшарт конкурсына еліміздің 37 компаниясы өтінім берді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«Конкурс ашық өтуі үшін өтінімдер қоржынын тікелей көрсетілім арқылы онлайн режимде, көптің көзінше аштық. Үміткерлер Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізбе бойынша 116 түрлі емдік құрал мен 1543 медициналық бұйым түрін жеткізу құқығын беретін конкурсқа түсіп жатыр. Аталған бұйымдар ішінде жеке қорғаныс құралдары, медциналық маскалар,  COVID инфекциясын анықтайтын тест жүйелері де бар. Конкурс Бірыңғай дистрибьютердің базасында өтеді. Оның нәтижесін кейін sk-pharmacy.kz сілтемесінен білуге болады», – деп жазады акционерлік қоғамның баспасөз қызметі.

Конкурсқа жауапты мекеме өкілдері үміткерлердің саны бұдан да көп болғанын айтады. Бірақ, құжатты талапқа сай өткізбегендер бірінші кезеңге шыға алмаған көрінеді. Құжаттарын кешігіп өткізгендер де тізімнен шет қалған екен.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамырдағы сөзінде сатып алу шараларын отандық өндірушілерді қолдап, экономиканы қалпына келтірудің тетігі ретінде пайдалануды тапсырды. Пандемия халықтың дәрі-дәрмекке деген сұранысын өздігімізден қамти алудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Біз ұлттың саулығына келгенде экспортқа тәуелді болмауымыз керек», – дейді компанияның басқарма төрағасы Берік Шәріп.

 Іріктелген 37 компания енді дәрі-дәрмек өндірісін жаңғыртуға және жаңадан салуға арналған бизнес-жобаларын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қарауына жібереді. Аталған ведомствоның нұсқауымен үміткерлерге жобасын қайта нақтылауға мүмкіндік берілмек. Сол бойынша келесі кезеңге өткен компаниялар өзара бәсекеге түсіп, мейлінше жеңіл баға ұсынуы керек болады. «Ол  тізімді анықтайтын комиссияның құрамына Денсаулық сақтау министрлігінің, «Атамекен» ҰКП-ның, салалық қауымдастықтардың, «СК-Фармация» АҚ-ның өкілдері кірді. Процестің ашықтығын қамтамасыз ету үшін мониторингтік топтар мен үкіметтік емес ұйымдардың, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері де тартылады», – деп жазылған ресми мәліметте.

Сонымен 10 жылдық келісімшартқа қолжеткізу үшін мына компаниялар бәсекеге түспек:

«Сұлтан» ЖШС «Абди Ибрагхим Глобал Фарм» ЖШС «Қарағанды фармацевтикалық кешені»  ЖШС «Wirius»  ЖШС «Нобел Алматы  фармацевтикалық Фабрикасы»  ЖШС «Химфарм» АҚ  «Медсервис плюс» қазақ  фармацевтикалық компаниясы» ЖШС  «Нұрмай-Фармация»   ЖШС  «Алмерек»  ЖШС «Redsail»   ЖШС «Juldyz Kenan Co Ltd»   ЖШС «UNI Med»  ЖШС «Каз-Диа-Тест» ЖШС «Медин» ЖШС «ECO Pharm KZ» ЖШС  «ТК Фарм Актобе» ЖШС «MFA International» ЖШС «Вива фарм» ЖШС ЖШС «Super-pharm» ЖШС «Био-Евразия» ғылыми өндіріс кешені» ЖШС «Eira Med» ЖШС  «Amanat profit» ЖШС «Soft sky» ЖШС «Marai E7 Group» ЖШС «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС «Эко-Фарм» ЖШС «Фарактив» ЖШС «Ottimo» ЖШС «Dolce» ЖШС «Clever Medical» ЖШС «Ayala Zerger» ЖШС «Мерусар и К» ЖШС  «Элеас» өндірістік-фармацевтикалық компаниясы»   ЖШС  «Каз Мед Пром» ЖШС «Bionic-Pro» ЖШС  «Амир и Д» ЖШС «Imed Surgical Altai» ЖШС.

Дереккөз: https://inbusiness.kz