Жаңалықтар
Қазіргі уақытта дәрі-дәрмектерді өңірлерге жылдам және уақтылы жеткізу мәселесі өзекті болып тұр. Бұл мәселені шешу үшін, сондай-ақ ынтымақтастықтың барлық мүмкін болатын қосымша нұсқаларын пысықтау үшін 17 шілдеде «СҚ-Фармация» базасында кедендік және шекара қызметтерінің, Азаматтық авиация комитетінің, көлік-логистикалық нарықтың қатысушылары – «Air Astana», «SCAT», «Қазпошта», «ҚТЖ», Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық әуежайы, Алматы қаласының халықаралық әуежайы, «ҚазАТО», «Қазақстан көлік қызметкерлері одағы» қатысуымен шұғыл онлайн-кеңес өтті.
Кеңес барысында «СҚ-Фармация» Басқарма төрағасы Ерхат Искалиев хабарлағандай, компанияның логистикалық тізбегі тиімділіктің ең жоғары деңгейіне шығу үшін шұғыл әрекет етуді талап етеді. Қолда бар логистикалық қуаттарды барынша жоғары деңгейге шығару жоспарланған. «СҚ-Фармация» үшін еліміздің әрбір бұрышына дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша логистикалық тізбекті қамтамасыз ететін компаниялар қосымша шаттлдарды іске қосады, суық тізбектің талаптарын ескере отырып, мемлекеттік сектор үшін тегін дәрі-дәрмектерді жеткізуге тартылған автопарктерді ұлғайтады. Дәрі-дәрмектерді жөнелтуді жедел дайындау үшін қоймалар 24/7 жұмыс форматына көшеді.
«Дегенмен, коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша өткір жағдайда қосымша шаралар мен барлық логистикалық ресурстарды қосу қажет», - деп атап өтті Ерхат Искалиев.
Қазіргі таңда ауруханаларда өте қажет, елге келіп түсетін дәрілік препараттары мен медициналық бұйымдары бар жүктерді жедел алу үшін әуежайлардың басқарушы компаниялары қолдау көрсетуге дайын. Енді елге келетін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған барлық жүктер, мейлі ол гуманитарлық көмек немесе медициналық препараттарды жоспарлы түрде жеткізу болсын, қажетті процедуралар мен кедендік тазартудан кідіріссіз және іркіліссіз өтіп, медициналық мекемелерге бірден жеткізілу мүмкіндігі бар. Бұл туралы кеңес барысында Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының Халықаралық әуежайлары басқарушы компанияларының басшылары мәлімдеді.
Кеден және шекара қызметінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін келетін жүкті жедел рәсімдеу мәселелеріне жетекшілік ететін және үйлестіретін жауапты тұлғалар анықталды. Бұл шара өзінің елеулі әсерін берді және оны кедендік тазартуға жұмсалатын уақытты оңтайландыруға мүмкіндік берді. Мәселен, Түркиядан гуманитарлық жүк алу үшін алдын ала ақпараттандыру үлгісі мен кедендік және шекаралық қызметтерді қолдау арқасында дәрігерлер үшін өте қажетті жеке қорғану құралдары сияқты тауар ұшып келген күні бірден «СҚ-Фармация» қоймаларына келіп түсті.
Еліміздің барлық өңірлерінде дәрі-дәрмектерге деген өткір қажеттілікті ескере отырып, әкімдіктердің, азаматтық авиация комитетінің және қазақстандық авиакомпаниялардың қолдауымен шұғыл қажеттілік кезінде авиақатынастар тарапынан дәрі-дәрмектерді жедел тасымалдау мүмкіндігі пысықталуда.
«Эйр-Астана» және «SCAT Авиакомпаниясы» өкілдері дәрі-дәрмектерді авиакөлікпен жедел жеткізу қажет болған жағдайда ынтымақтастық туралы өз ұсыныстарын айтты.
Азаматтық авиация комитеті сондай-ақ тиісті бағыттарда борттары болған кезде дәрілік препараттарды жедел тасымалдау мүмкіндігі үшін тиелгенге дейін ішкі және сыртқы тасымалдардың тізімін бере отырып, жәрдем көрсетуге дайын.
Кеңес барысында еліміздің кез келген жеріне дәрі-дәрмектерді жедел жеткізу үшін «Қазпочта» АҚ маршруттарын, дамыған логистикалық желісін және көлік құралдарын тарту мүмкіндігі талқыланды. «Қазпочта» машиналары дәрі-дәрмектерді жеткізу кезінде суық тізбекті сақтау үшін талап етілетін арнайы тоңазытқыш камералармен жабдықталмағандықтан, медициналық бұйымдарды, сондай-ақ тасымалдау кезінде суық тізбектің шарттарын сақтауды талап етпейтін препараттарды тасымалдау үшін пошта операторының ресурстарын пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда.
Қажетті рефрижираторлармен және тоңазыту камераларымен жабдықталған автокөлікті ұсыну үшін «ҚазАТО» ҚР Халықаралық автомобиль тасымалдаушылар одағымен жолға қойылған бағыттар бойынша ынтымақтастық мәселесі пысықталуда.
Сондай–ақ, кеңес барысында жеткізу тізбегінің барлық кезеңдерінде - өндірушіден дәрі-дәрмектерді алып кету мүмкіндігінен бастап отандық фармацевтикалық зауыттарға шикізат жеткізуді ұйымдастыруға көмек көрсету мәселелері талқыланды.
Коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша ел үшін аса күрделі кезеңде көлік нарығы, аурумен күресуде көмек көрсетуге дайын екендігін көрсетті және өте қажет дәрі-дәрмектерді өңірлерге жеткізу үшін шұғыл шешімдер ұсынды. Кеңес қорытындысы бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС-мен Kazlogistics «Қазақстан Көлік одағы» арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылады.
Естеріңізге сала кетейік, Одақ құрамына 46 мүше кіреді, оның ішінде 550-ге жуық көлік-логистикалық компания мен Қазақстан Республикасының қауымдастықтары бар, олардың ішінде 6 ұлттық компания: («ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Казаэронавигация» РМК, «Қазпочта» АҚ, «Эйр-Астана» АҚ, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» АҚ, «Қазавтожол» ҰК» АҚ), 7 салалық ассоциациялар (Қазақстанның ұлттық экспедиторлар қауымдастығы (ҚҰЭК) (83 бірл.), Қазақстан Тасымалдаушылары мен вагон (контейнер) операторларының ассоциациясы (ҚазТОА) (20 бірл.), ҚР Темір жол бұтақтарының иелері қауымдастығы(ҚТБИ) (33 бірл.), Қазақстанның халықаралық автомобиль тасымалдау одағы (ҚазАТО) (345 бірл.), Қазақстанның автокөлікшілер одағы (КАО) (90 бірл.), Теңіз көлігі кәсіпкерлерінің қауымдастығы (ТККҚ) (4 бірл.) «KAZWATER» қауымдастығы (5 бірл.) және басқалар. Одақ «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасында, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінде, ҚР Ұлттық экономика министрлігінде, ҚР Бас прокуратурасында аккредиттелген.