СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

ХҚҚДБ Қазақстанда медициналық сақтандыруды енгізуге көмектеседі
19 сәуір 2017
ХҚҚДБ Қазақстанда медициналық сақтандыруды енгізуге көмектеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі тарапы Қазақстанға әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге көмектеседі. Бұл туралы Мәжілістегі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстыру барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Халық денсаулығын сақтау саласындағы басты мақсат - ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу. Денсаулық сақтауға жұмсалатын мемлекеттік және жеке шығындардың өсуі халық пен жұмыс берушілердің ынтымақтастық жауапкершілігі ұстанымы негізінде денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын күшейтуді қажет етеді. Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімге 2016 жылы 1 қарашада қол қойылды. Қарыз сомасы 80 млн АҚШ долларын құрайды. Қазақстан Республикасының бірлесіп қаржыландыру көлемі 10 млн доллар», - деді министр. Жобаның мақсаты денсаулық сақтау қызметін көрсету жүйесінің қолжетімділігін, сапасын және экономикалық тиімділігін арттыру мен денсаулыққа байланысты күрделі проблемаларды тудыратын қаржылық тәуекелдерді тұрғындар үшін төмендетуге негізделген. Осы ретте Қазақстан Республикасының әлеуметтік медициналық сақтандырудың ұлттық жүйесін енгізуге қолдау көрсету; сақтандыру жүйесін енгізуге қолдау көрсету үшін медициналық көмек көрсету жүйесін нығайту; жобаны басқару, мониториг және бақылау, коммуникациялық стратегия шаралары қамтылып отыр.



Дереккөз: Қазақпарат