СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Сағынтаев медицина саласында Google компаниясымен байланысты нығайтуды жүктеді
25 сәуір 2017
Сағынтаев медицина саласында Google компаниясымен байланысты нығайтуды жүктеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев медицинаға соңғы буынды технологияларды енгізу бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне Google компаниясымен өзара іс-қимылды күшейту тапсырмасын жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Атап айтқанда, Министрлер кабинетінің отырысында Қазақстан Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмас Шарман денсаулық сақтау саласы мен салауатты өмір салтын ұстану бағытында жаңа жобалар бойынша баяндады.  «Мемлекет технологиялық жобаларға (медициналық) инвестиция сала  отырып, салада елеулі рөл атқара алар еді. Бір ай бұрын Алматының бірнеше кросс-фит және фитнес-клубтары бізге жолығып, пайдалы тамақтану үшін жекелей қадамдар мен оған мобильді қосымшаны әзірлеу жайында өтініш білдірді. Осы орайда тиісті әзірлемелерді жасап, ҚР Білім және ғылым министрлігіне грантқа өтінім бердік. Жалпы, осындай жобалар елеулі рөл ойнайды. Егер де «IBM Watson» жекелеген ауруларды анықтаумен айналысса, ал екі жыл бұрын «Google Flu Trends» соңғы буынды технологияны әзірлеп, ол 10 күн бұрын тымаудың кеңінен таралуын алдын ала болжай алады. Бұл технологияны Google тарапы Колумбиялық университетке тапсырды және ол бүгінде қолжетімді болып отыр», - деді А. Шарман. Осы орайда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Google жобасы Қазақстанда қашан енгізілетінін сұрай келе, осы тектес жобалар елімізде жылдам енгізілуі керектігін тапсырды. Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазіргі кезде ведомство соңғы буынды түрлі тетіктерді енгізуді қарастырып жатқандығын жеткізді. «Оның ішінде Google компаниясымен байланыс орнатудамыз, себебі бұл бағытта жақсы жаңашылдықтар бар. IBM-мен жұмысты бастадық, сонымен қатар Google-мен де тиісті жоспарларды ескеріп отырмыз», - деді министр. Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Қазақстанда Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі пайда болатындығы айтылды. «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі қоғамдық денсаулық сақтау қызметін қалыптастыру болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау - бұл қоғам қабылдайтын, ұйымдастырылған іс-қимыл арқылы аурулардың алдын алу, өмір сүруді ұзарту және денсаулықты нығайту жөніндегі ғылым мен тәжірибе.   Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау моделі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы айқындаған қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі он шұғыл функциясының шеңберінде құрылатын болады. Бұл он функция Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына барлық мүше мемлекет ұсынатын халыққа арналған бүкіл қызметтің пакетін қамтиды», - деді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Бұл тұрғыда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бұл бағыттағы қадамдар елімізге қажет екенін атап өтті. «Сондықтан мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен өзара іс-қимыл алгоритмін әзірлеу керек. Жыл соңына дейін ұсынылған жүйені құру бойынша ұйымдастырушылық жұмыстарды аяқтау қажет. 2017 жылдың соңында аталған мәселені қайта қарастыратын боламыз», - деді Үкімет басшысы.



Дереккөз: Қазақпарат