– Ләззат Мейрашқызы, Қазақстан медицинасы неге қазіргі қолданыстағы денсаулық жүйесінен бас тартып, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізгелі отыр? МӘМС жүйесінің тиімділігі неде?
– Қазақстанның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үлгісін қалыптастыру кезінде оны денсаулық сақтау жүйесіне бейімдеу, салаға кері әсер ететін тәжірибелерден сақтандыру, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарды қолдау жағына көбірек мән берілді. Дәл біз таңдаған жүйеге жақын үлгі Германия мен Литвада қолданылып келеді.
Еліміздің қазіргі медицинасы бюджет есебінен қаржыландырылады. Қаржы жергілікті немесе республикалық бюджеттен бөлінеді. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігі жағынан аймақтық теңсіздіктер тудырғаны рас. Яғни, біреуге ақша көп бөлінсе, енді бірі қаржыны аз алады. Жаңадан енгізіліп отырған әлеуметтік сақтандыру жүйесі ең әуелі осы олқылықтың орнын толтырады. Қаржыландырудың жаңа жүйесі тарифтерді жетілдіруге және халықты бірыңғай сақтандыру пакетімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни азаматтардың бәріне бірдей бірыңғай пакет ұсынылады. Мұнда жарнаны әркім өз мүмкіндігіне қарай төлейді де медициналық көмекті қажеттілігіне қарай алады. Жүйеге қатысып, жарна төлейтін азаматтар жоғары технологиялық көмек түрлерімен тегін қамтамасыз етіледі. Оның үстіне бұл жүйе бойынша сақтандырылған азаматтар кез келген клиниканың жәрдеміне жүгіне алады.
Жалпы, МӘМС енгізілгеннен кейін Қазақстанда денсаулық сақтау саласына жұмсалатын жалпы шығын артып, азаматтардың қалтасынан шығатын шығындар төмендейді. Дүниежүзілік банк мәліметінше, қазір Қазақстан азаматтарының медициналық қызметтер үшін қалтасынан шығаратын шығыны 35 пайыздан асып жығылады екен. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 20 пайыздан аспайды.
– Демек, кез келген клиниканы таңдау мүмкіндігі туса, онда жақсы дәрігерлерге деген сұраныс та артады ғой.
– Әлбетте, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бірінші кезекте медициналық көмектің қолжетімділігі мен қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. Әр азамат тек учаскелік дәрігерді ғана емес, мемлекеттік немесе жекеменшік емдеу ұйымдарын таңдау құқығына ие болмақ. Бастапқы медициналық санитарлық көмек ұйымына азаматтардың белгілі бір бөлігі тіркелгеннен кейін Қор онымен келісімшарт бекітеді. Болашақта біз көрсетілген қызмет сапасы мен науқастың қанағаттану деңгейіне қарай мамандарға қаржы төлеу жолдарын қарастырып жатырмыз. Яғни, сапа қанша жақсы болса, емханаға түсетін қаражат та соншалықты көбейеді. Ақша молайғаннан кейін дәрігерлерге еңбекақы төлеу жүйесі де жақсарады. Жұмысты кім жақсы істесе, сол ақшаны да көбірек табады.
Сонымен қатар, алдағы уақытта медициналық көмек қолжетімді болуы үшін пациенттердің тұрғылықты жеріне жақын маңда шағын клиникалар ашуға жағдай жасау жоспарда бар. Бұл да емханалардағы кезекті азайтуға, учаскелік дәрігердің өз пациенттерімен тығыз байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Жаңа жүйе арқылы бастапқы медициналық-санитарлық көмектің деңгейін жақсартуға, сапасын арттыруға айрықша мән беріліп отыр.
– Медициналық сақтандыру жүйесі кезіндегі емхананы еркін таңдау мәселесіне де тоқтала кетсеңіз?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде әр азаматқа емхана мен аурухана таңдау мүмкіндігі беріледі. Жаңадан енгізіліп отырған жүйенің артықшылығы да осында. Бірақ емхананы еркін таңдау мүмкіндігі азаматтарға жылына бір рет қана беріледі. Бір мезетте бірнеше емханаға тіркелуге болмайды. Сондықтан өзіңізге ыңғайлы, барып-келуге қолайлы емдеу мекемесін таңдағаныңыз жөн. Ол сіздің тұрғылықты жеріңізге, жұмысыңызға немесе оқу орнына жақын орналасқан емхана болуы әбден мүмкін.
Стационарлық ем қабылдау үшін аурухана таңдаудың өз ерекшеліктері бар. Стационарда жоспарлы түрде ем қабылдау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен аурухананы ғана таңдай аласыз. Мұндай ауруханалардың тізімі Денсаулық сақтау басқармаларының, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының веб-сайттарында, баспасөз құралдарында, сондай-ақ, «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталында жарияланады. Шұғыл медициналық жәрдем көрсету қажет болған жағдайда пациент жақын маңдағы немесе салалық ауруханаға жеткізіледі.
– Сақтандыру қорына жинақталған қаржыны қайтарып алу мүмкін бе?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтарға көрсетілген медициналық көмек ақысы жинақталған қаржы есебінен ғана өтеледі деу қате. Егер біз әр адамның жинаған ақшасын өзіне ғана жұмсап қоятын болсақ, белгілі бір азаматтың жарнасы ол пайдаланған медициналық қызмет ақысын өтеуге жетпей қалуы мүмкін. Мысалы, жұмыс берушінің өз қарамағындағы жұмыскер үшін төлейтін жарнасын алып қаралық. Қазіргі болжамдар бойынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әрбір қызметкер жалақысының 1,5 пайызын қорға аударады. Мамандардың есептеуінше, 2018 жылы орташа жалақы 152 106 теңгені құрамақ. Жұмыс беруші келер жылдың басынан бастап, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына осы соманың 1,5 пайызын яғни, айына 2 282 теңге немесе жылына 27 384 теңге аударады. Мысалы, пневмония (өкпе қабынуы) сынды кең таралған сырқатты емдеуге орта есеппен – 90 240 теңге, соқыр ішекті алып тастау құны – 67 525 теңге, босану құны 52 814 теңгені құрайды. Көріп отырғаныңыздай, медициналық көмек ақысы әркімнің өзіне жинаған ақшасы шеңберінде көрсетілетін болса, ол жоғары технологиялы қондырғылардың көмегімен жасалатын операцияларды айтпағанда, тіпті қарапайым ауруларды емдеуге де жетпейді. Сондықтан қорға жинақталған қаражат – қоғам игілігі, күллі қазақстандықтардың ортақ табысы. Ол қаржыны МӘМС жүйесі шеңберінде сақтандырылған барлық азаматтар бірдей пайдаланатын болады.
– Сақтандыру бойынша көрсетілетін медициналық көмекке профилактикалық екпелер жата ма?
– 2018 жылдан бастап медициналық көмек екі пакет шеңберінде көрсетіледі. Оның бірі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек. Екіншісі – міндетті медициналық сақтандыру пакеті. Бұл пакетті сақтандырылған азаматтардың бәрі пайдалана алады. МӘМС шеңберінде: емханалық амбулаторлық көмек (дәрігердің қабылдауы, кеңес беру, профилактика, диагностика, емдеу), стационарды алмастыратын көмек, стационарлық көмек (оңалту және емдеу, паллиативті көмек және медбике күтімі), жоғары технологиялық қызмет түрлері (қымбат операциялар), дәрі-дәрмектің кейбір түрлерімен қамтамасыз ету көзделген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін қызметтер мен дәрі-дәрмек тізімі кейінірек, Үкіметтің тиісті қаулылары негізінде бекітілетін болады.
Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, жедел жәрдем, шұғыл көмек, санитарлық авиация қызметі көрсетіледі. Соның ішінде түрлі ауруларға қарсы егілетін профилактикалық екпелер кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберіне енгізілген.
– Медициналық сақтандыру жүйесі аясында жұртшылықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де оңтайлы шешіледі деген болжам бар. Осы жөнінде кеңірек айтып берсеңіз?
– Өте орынды сұрақ. Қазіргі таңда кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде 200-ден астам дәрі тегін беріледі. Олардың дәріханаға түсуі, оның науқастардың қолына жетуі күрделі мәселеге айналған. Себебі, бәрі тендер арқылы жүргізіледі. Алдымен тендер жарияланады, оны ұтқан компания анықталғанша да біраз уақыт өтеді. Медициналық сақтандыру қоры келешекте осы мәселенің күрмеуін шешеді деп отырмыз. Жоспар бойынша, қор мен дәріханалар арасында ешбір делдалсыз, тікелей келісімшарттар жасалады. Нәтижесінде азаматтар да дәрі таңдау мүмкіндігіне ие болады. Мұны сақтандыру қорының тағы бір артықшылығы деуге болады.
Қазіргі таңда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бірнеше тәсіл арқылы жүзеге асырылады.
Жедел медициналық жәрдем көрсеткенде, күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда емдеу кезінде дәрі тегін беріледі. Мұндай препараттардың тізімі Қазақстанның ұлттық дәрі-дәрмек формулярында көрсетілген (http://www.knf.kz).
Емхана немесе амбулаторлық деңгейде тегін дәрі-дәрмек 40-тан астам сырқат бойынша беріледі. Аталған сырқаттар мен дәрі-дәрмектер тізімі Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылға 4 қарашадағы №786 бұйрығы негізінде бекітілген.
Әрине, бұл тәсілдер МӘМС енгізілгеннен кейін де сақталады және әрі қарай дамытыла түсетін болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Қазақстан жаңалықтары
26 сәуір 2017
Ләззат АҚТАЕВА, Денсаулық сақтау вице-министрі: Қорға жинақталған қаражат – қоғам игілігі
Ләззат АҚТАЕВА, Денсаулық сақтау вице-министрі: Қорға жинақталған қаражат – қоғам игілігі – "Айқын" газеті
Дереккөз: www.aikyn.kz