СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Қарағанды облысында фармацевтикалық кластер өз жұмысын жалғастырып жатыр
24 тамыз 2017
Қарағанды облысында фармацевтикалық кластер өз жұмысын жалғастырып жатыр

Оның құрамына еліміздің 17 кәсіпорны кіреді.

Олар дәрі-дәрмекті бірлесіп шығарып, мамандарды да бірге дайындайды. Бүгінде аймақтағы ғылыми-өндірістік «Фито-химия» холдинг ғалымдары 500-ге жуық шөп түрлерін зерттеп, жетпістен астам дәрі өндіріп шығарды.

Қарағандылық «Фитохимия» холдингіне қарасты фармацевтика зауыты жылына 2 млн ампула, 150 млн түйір дәрі және 2 млн ұнтақ препарат өндіреді. Холдинг қызметкерлері 70-тен астам жаңа препарат ойлап шығарған. Оларды қазіргі таңда елімізден өзге, шетелдің ірі онкологиялық орталықтары қатерлі ісікке қарсы қолданып жүр. Соның бірі – «Арглабин» сынды бірегей препарат. Кәсіпорын дәрі-дәрмек түрлерін көптеп шығарып, оның технологиясын дамытуды мақсат етеді.

Серғазы Әдекенов; «Фитохимия» халықаралық ғылыми- өндірістік холдингінің басқарма төрағасы:
– Бірқатар Қазақстанның кәсіпорындары қатысады, жаңадан жұмыс орындары пайда болады, еңбек өнімділігі артады және де шығарылып жатқан дайын дәрілік өнімдердің құны арзандап, халыққа дәрілер қолжетімді болады.

Қарағанды «Фитохимия» холдингі ірі ғылыми-өндірістік кешен. Оның құрамына ондаған зертхана мен фармацевтикалық зауыт және ботаникалық бақ кіреді. Кластердің жұмысы ғылым мен білімді және өндірісті ұштастыруға сеп болмақ. «Сырттан инвестиция тартып, отандық фармацевтикалық өндірске өте қажет халықаралық талаптарға сай жас мамандарды дайындауға мүмкіндік береді», –дейді зауыт басшылығы.

Евгений Толоконников, Қарағанды фармацевтика зауытының директоры:
– Бұл кластерге білікті мамандарды дайындау бағыты бар кәсіпорындар қатысып отыр. Бұл мамандар отандық фармацевтикалық өндірісіне қажет. Сонымен қатар дәрі дәрімекті таңбалап оны қаптауға үлесін қосатын мекемелерде қатысады.

Қазір аталмыш зауыттың жұмысын жалғастырып жатқан фармацевтикалық кластерге еліміздің ірі фармацевтикалық компаниялары атсалысып отыр. Қазақстанда тағы 5 фармацевтикалық кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Тағы 10 бір зауыт жаңғыртудан өтеді. Жалпы барлық фармацевтикалық кәсіпорындарға 400-ге жуық білікті мамандар қажет.

Дереккөз: Хабар 24