Қазақстан жаңалықтары
Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында дәрі-дәрмек бағаларын мемлекеттік реттеу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Bnews.kz Үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.
ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндағандай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жылдың соңына дейін дәрі-дәрмек бағаларын мемлекеттік реттеу енгізіледі. Осы мақсатпен ұлттық дәрілік саясатты іске асыру бойынша жоспар әзірленген, ол халықты дәрілік қамтамасыз етуді жетілдірудің ықпалды шараларын енгізуді көздейді.
Министрлік әзірлеген ережелер жобасына сәйкес баға белгілеу үдерісі – өндіруші зауыттан бастап Қазақстандағы жеткізушілер қоймаларына дейін түгел тіркеледі. Содан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектің шекті көтерме және бөлшек сауда құнын бекітеді.
Ұлттық дәрілік саясат туралы заң жобасының тұжырымдамасы фармацевтикалық және медициналық қоғамның талқылауына бағытталды.
Отырыс барысында талқыланған мәселе бойынша «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Н.Әлтаев сөз сөйледі.
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне «Атамекен» ҰКП және фармацевтикалық қоғаммен бірге дәрі-дәрмек бағаларын реттеу және қалыптастыру тетіктері мәселелерін жете пысықтауды тапсырды.