СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Қазақстанда заң жүзінде дәрі-дәрмек бағаларына шектеу қойылатын болады
02 мамыр 2017
Қазақстанда заң жүзінде дәрі-дәрмек бағаларына шектеу қойылатын болады

Қазақстанда заң жүзінде дәрі-дәрмек бағаларына шектеу қойылатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігініӊ жауапты хатшысы Болат Төкежанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауында Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмек бағаларын реттеудің жаңа әдістеріне көшуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі «Дәрі-дәрмек құралдарының бағаларын реттеу турал» заң жобасының тұжырымдамасын жасақтады. Барлық дәрілердің құнын реттеуге бағытталған заң жобасын біз биыл тамыз айында Парламентке енгіземіз. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі тек кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көрсету бағдарламасы аясында қолданылатын дәрілердің бағасын ғана бекітетін болса, заң жобасы енгізілген жағдайда бағаны реттеу барлық дәрі-дәрмектерге таралатын болады. Сонымен қатар баға реттеудің жаңа шешімдері жасақталып жатыр», - деп атап өтті жауапты хатшы.

Айта кету керек, Қазақстанда бүгінде дәрі-дәрмектердің ұлттық формуляры жасақталды. Бұның алдында, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті ҚазАқпараттың ресми сауалына орай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолованың дәріханалардағы дәрі бағасының қымбаттығына қатысты сынына жауап берген болатын. 

Онда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі  бүкіл дәрілердің бағасын реттеу үшін  фармацевтика қоғамдастығының өкілдерімен бірге барлық дәрілік заттардың шекті бағасын қалыптастыру әдістемесін талқылау жұмысын жүргізіп жатқандығы туралы хабарланған еді.

Дереккөз: inform.kz