Қазақстан жаңалықтары
Қазақстанда дәрі-дәрмек айналымын бақылаудың еуропалық жүйесі енгізіледі, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
"Қолда бар зертxаналардың сапасы арттырылады және дәрі-дәрмектердің өндірушіден науқасқа дейінгі қозғалысын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі енгізіледі. Дәрі-дәрмек айналымын бақылау және нарыққа контрафактілі өнімдердің еніп кетпеуі үшін еуропалық елдер тауардың әр қорабына 2D-кодтарды енгізу бойынша қарар қабылдаған. Осындай жүйенің Қазақстанда енгізілуі дәрі-дәрмек айналымын бақылап, есептеп отыруға жол ашады", - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Парламент тыңдауында.
Оның сөзінше, еліміздегі дәрі-дәрмектер туралы толық ақпаратты, тегін дәрілердің тізімін Дәрілік құралдарды тиімді пайдалану орталығынан алуға болады. Дәрілік құралдарды сараптау ұлттық орталығы медициналық мақсаттағы өнімдерді, медициналық теxникаларды олардың қауіпсіздігіне сараптама жүргізеді. Дәрі-дәрмектерді сынақтан өткізу жұмыстары да жасалады.
Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында халықты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету және фармацевтика саласының жай-күйі және дамуы туралы» тақырыбында парламенттік тыңдау өтіп жатыр.
Тыңдау барысында Парламент депутаттары дәрімен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері және осы саладағы проблемаларды шешу жолдары сөз болды.
Парламент депуттарымен бірге тыңдауға орталық және жергілікті атқарушы органдар өкілдері, ірі фармацевтикалық кәсіпорындардың басшылары мен шетелдік сарапшылар, медицина қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысуда.
Қазіргі уақытта отандық денсаулық сақтау жүйесі жүйелі реформа - азаматтарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ғана емес, халықты дәрімен қамтамасыз етуді ұйымдастыруды да қамтитын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу кезеңінде тұр.
Дәрілік препараттардың қолжетімділігі медициналық көмектің қымбат түрлеріне жұмсалатын шығындарды азайта отырып, терапиялық тактикаларды тиімді қолдануға ықпал етеді, ауруханаға жату деңгейін азайтады және пациенттердің бүкіл тобының өмір сүру сапасын жақсартады.
Тыңдаудың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар әзірленетін болады.