Қазақстан жаңалықтары
Алматы әкімдігі мен Қазақстанның фармацевтикалық қауымдастықтары, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің департаменті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құзырлы органдар биыл дәрі-дәрмек бағасын көтермеу туралы уағдаластыққа келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, аталған шарадағы басты мақсат әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған адамдарға дәрі-дәрмек бағасын қолжетімді ету болып табылады.
Сарапшылар жүрек және асқазан аурулары, қабынуға қарсы, жансыздандыратын, асқазан және қан қысымын төмендететін дәрілердің, көз және құлақ тамшыларының, сондай-ақ дәрумендердің бағасын тұрақты ету туралы шешім шығарды.
Төмен бағалар жылдың соңына дейін сақталатын болды.
«Отандық және шетелдік өндірушілердің дистрибьюторлары, бөлшек сауда қатысушылары барлығы 105 дәрі түріне бағаны бұрынғы деңгейде сақтап қалуға әлеуметтік жауапкершілік алды», - деп атап өтті басқармадан.
Арзан дәрілердің тізімін ҚР ДСМ Фармация комитеті департаментінің www.dkkmfd.kz сайтынан және қалалық денсаулық сақтау басқармасының www.almatyzdrav.kz сайтынан көруге болады.
Қала дәріханаларында дәрі бағасының негізсіз көтерілгенін байқаған тұрғындар құзырлы органдарға хабарласа алады.