Қазақстан жаңалықтары
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы дәрі-дәрмектердің шекті бағасын енгізгенде бірқатар өзекті мәселелерді ескеруді сұрайды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Палата төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, қазіргі кезде фармацевтикалық препараттар нарығында өнімнің тек 11 пайызы ғана отандық кәсіпорындарға тиесілі. Қалған бөлігі сырттан келеді. «Енді, шекті бағаны енгізсе, алдымен отандық кәсіпорындар бақылауға алынады деген қауіп бар. Денсаулық сақтау министрлігі шетелдік компаниялардың бағалары реттей алмайды. Мәселен, «Бигфарма» сияқты ірі компаниялар өз бағасының қалай құрылатынын айтпайды да. Қазіргі кезде дәл осы импорттық дәрі-дәрмектердің бағасы өсіп отыр. Ал отандық препараттардың бағасы әлдеқайда төмен болып тұр. Сондықтан қосымша бақылау шаралары отандық кәсіпорындардың жағдайын қиындатып жіберуі әбден мүмкін» , - деді Әлтаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сөзіне қарағанда, елімізде дәрі-дәрмектердің шекті бағасын енгізу тұжырымдамасы әлі де талқыға салынатын болады. Оған отандық кәсіпорындар да қатысады. «Жалпы, бұл - әлемдік тәжірибе. Сондықтан біз ортақ бір шешімге келеміз де ойлаймын» , - дейді Біртанов.
Осы орайда Премьер-Министр заң жобасын талқылауды тездетіп бастауды жүктеді. Себебі бір жарым айдан кейін аталған құжатты Парламент Мәжілісіне енгізу жоспарланған.
Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрі-дәрмектердің бағасы бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, нақты бір дәрі-дәрмекті тапшылығы туындаса, үстеме баға 200 процентке дейін өсіп кетеді.