Қазақстан жаңалықтары
Елімізде дәрі-дәрмектің бағасы әлі күнге дейін дұрыс реттелмей келеді. Оны бір көшеде қатар тұрған дәріханалардың баға айырмашылығынан да анық байқауға болады. Ал көрші елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы медицициналық препараттардың құны екі есе, тіпті үш есе қымбат болып тұр. Соның салдарынан халықтың дәрі-дәрмекке жұмсайтын ақшасы азаймай отыр, керісінше, артып келеді. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігі келесі жылдан бастап медициналық препараттардың шекті бағасын енгізуді көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Алайда ондай шара отандық кәсіпорындарды тұншықтырып тастауы әбден мүмкін.
Бүгінде қазақстандықтар жыл сайын дәрі-дәрмекке қыруар қаржысын жұмсайды. Оның көлемі бюджеттен бөлінетін ақшадан да артық болып тұр. Мәселен, өткен жылы еліміздің фармацевтикалық нарығында ақшаның айнылымы 458 млрд теңгені құраса, соның 60 пайызы, нақты айтсақ, 277 млрд теңгесі - халықтың қалтасынан шыққан ақша. Қалған 181,2 млрд теңге - бюджеттің ақшасы, оған халыққа тегін берілетін дәрілер сатып алынады. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, қазіргі кезде аймақтарда бюджеттің ақшасына бір препарат әртүрлі бағамен сатып алынады. Себебі оның шекті құны белгіленбеген. Ал ол препаратты бір бағамен сатып алса, салық төлеушілердің біраз ақшасын үнемдеуге болатын еді. «Мысал ретінде айтайын, артериалды гипертензияны емдеуге арналған «Эналаприл» деген препаратты облыстар 100-240 теңгеге сатып алыпты. Алайда оны 60 теңгеге де табуға болады. Демек, бір препараттың өзі бюджет қаржысының біраз бөлігін үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр», - дейді Елжан Амантайұлы.
Бюджет ақшасы сондай мөлшерде үнемделсе, сөз жоқ, халықтың өз қалтасынан шығарып жатқан шығындарын да әжептәуір азайтуға болады. Себебі бүгінде бір қалада орналасқан дәріxаналардың баға айырмашылығы 20-30 процентке дейін жетіп жатады. Ал нақты бір дәрі-дәрмектің тапшылығы туындаса, үстеме баға 200 процентке өсіп кетеді. Осының өзі дәрі-дәрмек саудасындағы спекулятивті әрекеттердің қызып тұрғанын көрсетсе керек. Ол ол ма, біздегі дәрі-дәрмектің бағасы көрші Ресейден екі есе қымбат. Мысалы, диабетке қарсы препараттың бағасы Орынборда 8 500 теңге болса, Ақтөбеде оның бағасы 17 мың теңгеге дейін барады. Осы саладағы шетелдің ірі компаниялары болса, бәскелестік пен этикалық нормаларды ысырып қойып, өз препараттарын дәрігерлер арқылы тықпалап жатады. Ал дәрігер айтқаннан кейін науқас препараттың бағасына қарамайды да, тезірек емделудің қамын ойлап, бар жиған-тергенін бере салады. Дәріxаналар болса, препараттарды қай бағамен сататындарын өздері шешіп жатады. Сол себепті бүгінде заң жүзінде медициналық препараттардың шекті бағасын орнатқан маңызды.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сөзіне қарағанда, шекті бағаны енгізу кезінде дәл сол препараттардың шетелдегі бағасы да ескеріледі. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмек шығарушы компанияларының бағалары да тіркеледі. Қазіргі кезде ондай ақпараттық жүйе бар. Алдағы уақытта оған барлық компаниялар тіркелуге міндеттелмекші. «Осылайша, біз медициналық препараттарды шығарушы компаниялардың бағасын біліп отырамыз. Соның негізінде дистрибьюторларға тиесілі шекті ақыны белгілеуге мүмкіндік бар. Бұны іске асыра алсақ, дәрі-дәрмектің бағасы да арзандайды. Бұдан бөлек, министрлік дәрі-дәрмектерді сатудың этикалық ережелерін әзірлеп қойды. Себебі бүгінде компаниялардың біразы өз өнімдерін этикалық нормаларға сай келмейтін әдіс-тәсілдер арқылы сатып отырады. Соның салдарынан пациенттер біраз ақшаға шығындалып жатады», - дейді Біртанов.
Әлбетте, дәрі-дәрмектердің шекті бағасын енгізген дұрыс. Алайда осы шараның тағы бір келеңсіз тұсы бар сияқты. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, қазіргі кезде фармацевтикалық препараттар нарығында өнімнің тек 11 пайызы ғана отандық кәсіпорындарға тиесілі. Қалған бөлігі сырттан келеді. «Енді, шекті бағаны енгізсе, алдымен отандық кәсіпорындар бақылауға алынады деген қауіп бар. Денсаулық сақтау министрлігі шетелдік компаниялардың бағаларын реттей алмайды. Мәселен, «Бигфарма» сияқты ірі компаниялар өз бағасының қалай құрылатынын айтпайды да. Қазіргі кезде дәл осы импорттық дәрі-дәрмектердің бағасы өсіп отыр. Ал отандық препараттардың бағасы әлдеқайда төмен болып тұр. Сондықтан қосымша бақылау шаралары отандық кәсіпорындардың жағдайын қиындатып жіберуі әбден мүмкін» , - дейді Нұржан Бауыржанұлы.
Кәсіпкерлерді алаңдатып отырған тағы бір мәселе, шекті бағаға қатысты заң жобасын қыркүйекте Парламенттің қарауына енгізу жоспарланып отыр. Демек, жаңа бастаманы талқылауға уақыт тығыз. Алайда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ол бастаманы кеңінен талқылаймыз деп отыр. Оған отандық кәсіпорындар да қатысады. «Жалпы, бұл - әлемдік тәжірибе. Сондықтан біз ортақ бір шешімге келеміз де ойлаймын», - дейді министр мырза.
Сөз жоқ, дәрі-дәрмектердің шекті бағасы xалық үшін тиімді. Сосын келесі жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жұмысшылар, яғни қарапайым xалық арнайы қорға жарналарды төлей бастайды. Оған дейін бағаны реттеп қоймаса, медициналық сақтандыру аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қиынға соғуы әбден мүмкін. Министрліктің медсақтандыруды кейінге шегеруі де содан болар.