СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Асанәлі Әшімов: Біздің өміріміз дәрігерлердің қолында
26 қыркүйек 2017
Асанәлі Әшімов: Біздің өміріміз дәрігерлердің қолында

КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі кино және театр актері Асанәлі Әшімов өз денсаулықтарына жауапкершілік таныту үшін, қазақстандықтарға медициналық сақтандыру жүйесі керек-ақ деген пікірде.

"Таяуда ғана мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу қажеттілігін айтты. Мен ол пікірді қолдаймын, себебі медициналық сақтандыру дегеніміз – ол өзіміздің денсаулығымызды сақтандыру, аурудың алдын алу. Адамның денсаулығы алдымен өзіне керек, одан әрі өмір сүріп отырған қоғамы үшін керек.

Кейде дәрігерлер бізді профилактикалық тексерулерге өздері шақырады. Өкінішке орай, соның өзінде ұмытып кетіп, бармай қаламыз. Осындай салғырттығымызға қарай шығарылған болса керек, «...еврей халқы дәрігерге алдын ала барады, орыстар – ауырған кезде, біздің халқымыз ауру өтіп кеткеннен кейін барады» деген әзілді естігенім бар-ды (күліп). Не нәрсенің де алдын алған жақсы.

Дәрігерлер кеңес сұрай барсаң, алдымен дұрыс тамақтануды («Ауру – астан» деген мақал бар ғой қазақта), әр адамның өз денсаулығына, ағзаның қабылдауына қарай тамақтануды жолға қоюды сұрайды. Айтпағым - денсаулық та, сәйкесінше, дәрігер де әр адамға керек. Өміріміз солардың қолында. Дәрігер – адам жанының қорғаушысы, олардың қоғамдағы рөлі үлкен. Ауырып қалсақ, дәрігердің алдына барамыз. Олар кеңестерін беріп, сырқаттан жазылу үшін емдейді.

Қажет кезде күні-түні кірпік ілмейтін кездері болады, науқастың бар жағдайын жасайды. Үнемі және барлық емдеу орындарында осылай антына адал болуы үшін дәрігерлерге де жан-жақты жағдай жасалуы қажет.

Түсінуімше, медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтар жекеменшік емдеу мекемелерін таңдап, қарала алады екен. Рас, жекеменшік емханалардың артықшылықтары бар. Дегенмен, өз басым негізінен көрсетілетін медициналық қызмет сапасы мен қауіпсіздігі бақылауда болатын мемлекеттік медициналық мекемелерге қараламын.

Кез келген жаңа жүйенің өзін-өзі дәлелдеп, қалыптасқан дағдыға сіңісуі оңай емес, әрине. Қолдаушылармен қатар, медициналық сақтандыру жүйесіне қарсылар да табылуы мүмкін.

Қайтсек те, еліміздің денсаулық сақтау саласын алға дамыта бергеніміз дұрыс. Бұрынғы жүйедегі кемшіліктер ескеріліп, жан-жақты ойластырылғаны жөн. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын үкімет өз бақылауына алады деп сенемін", - дейді аты аңызға айналған актер.

Дереккөз: NUR.KZ