СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

09 қазан 2017
Вячеслав Локшин, Қазақcтан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор: әлеуметтік тепе-теңдікті сақтау маңызды

– Бүгінде міндетті әлеуметтік ме­­­дициналық сақтандыру жүйесін кейінге шегеру мәселесі қызу тал­қы­­лану­да. Бұдан не ұтамыз?
– Шөлдеген адам қанша­лық­ты су ішуге зәру болса, меди­ци­на­лық сақ­тандыру да денсаулық сақ­тау са­ласына соншалық қажет. Өйт­ке­ні бұл саланың бүгінгі ахуа­лы тіп­тен қиын. Жүйедегі ашық­тық пен шы­найы бәсекелестіктің жоқты-ғы – ден­саулық сақтау са­ла­сын да­мы­ту­ға қолбайлау болып отыр­ған не­гізгі фактор. Дүние­жүзі­лік ден­саулық сақ­тау жүйесі бел­гілі бір нор­маларға не­гізделе оты­рып тір­шілік етеді. Да­­мыған ел­дердің ба­сым бөлігінде бюд­жет­тік ден­сау­лық сақтау үлгісі ор­нық­қан, көбі сақ­тандыру меди­ци­­насын әлде­қа­шан жолға қой­ған. Біз­­дің мем­ле­кет­те осы салаға іш­кі жал­­пы өнім­нің тек 1,9 пайы­зы бө­лінеді. Бұл – өте аз. Сон­дық­­тан ел тұр­ғын­да­ры­ның бар­лы­­ғы бірдей жар­на ау­дарып, қар­жыландыратын сақ­тандыру жүйе­сі ауадай қажет. Сон­да ғана ха­лықты медициналық кө­­мектің ор­таша стандартты көле­мі­мен қам­тамасыз ете аламыз. Егер қо­ғам­ды табысына қарай бөлер бол­­сақ, байлар мен кедейлердің ара­­­сындағы алшақтық үдей түс­пек. Сал­­дарынан азаматтардың ме­ди­ци­налық көмек алу құқығы бұ­зы­лады. Ден­саулық сақтау ми­нистр­лігі ұсы­нып, Мемлекет бас­шы­сы­ның жа­р­лы­ғымен бекітіл­ген біз­дегі сақ­тан­дыру жүйесі ха­­­лықты кепіл­ден­діріл­ген тегін ме­­дициналық кө­мекпен қам­та­масыз етуге негіз­делген. Бы­лай­ша айтқанда, жүйе іске қосылған жағ­дайда ешкім кө­мектен қағыл­май­ды. Мәселен, Аме­рикадағы Obama Care енгі­зіл­генге дейін ха­­лық­тың басым бөлігі, шамамен отыз миллионнан астам тұрғын ау­­рухананың босағасынан да сы­ғалай алмайтын. Бізде, сақ­тан­ды­рыл­маған азаматтардың өзі мем­ле­­кет тарапынан кепілдік бе­ріл­­ген кө­­мектен құр алақан қал­май­­ды. Сон­дықтан реформаны кейін­ге ше­геру – халыққа да, ре­фор­­мадан оң өзгерістер күтіп жүр­ген денсаулық сақ­тау сала­сы­ның мамандарына да тиімсіз. Оның үстіне, Әлеуметтік ме­ди­ци­налық сақ­тандыру қорына қар­жы жи­налуда, жұмыс тәп-тәуір жүріп жа­тыр. Қазірде ЖСН арқылы кез кел­ген адамның табыс көлемін оп-оңай анықтауға болады.
– Мемлекет басшысы МӘМС жүйе­­сін енгізуді талқылау ба­­ры­сында өзін-өзі жұмыспен қам­тып отырғандарға ерекше тоқталды. Осы топ өкілдерінің басым бөлігі жар­­на аудару мәселесіне немқұрай­лы, бәлкім күмәнмен қарайтыны жа­­­сырын емес. Жүйенің осы тұсын рет­теудің тетігі қайсы?
– Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қам­­тып жүрген екі миллионнан ас­­там тұрғын бар. Адам тасыма­лы­мен ай­налысатындар, бала күту­шілер және тағы басқа еңбек бир­жасында жұ­мыссыз ретінде ресми тір­кел­ме­ген азаматтар. МӘМС шең­берінде бұл топ өкілдерінен көп қаражат та­лап етілмейді де. Оның үстіне, бұл – Денсаулық сақ­тау министрлігі бас қатыратын мә­селе емес. Мұ­ны­мен Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі мен өзге де өкі­летті ор­гандар айналысуы тиіс. Сақ­­тан­дыру жарнасын аудармаған азамат жос­парлы отаның құнын да өзі төлеуі тиіс. Болмаса, бір жылға бар болғаны 15-16 мың теңге ауда­рып, құны миллион тұратын ота­лар­ды жасатуға мүмкіндік алады. Тиім­дісі осы емес пе?!
– Министр Елжан Біртанов ден­сау­лық сақтаудағы тариф бағасы­ның төмен екендігін ашып айтты. Бұған не дейсіз?
– Тариф бағасының төмендігі – бү­гінгі денсаулық сақтау сала­сын­­дағы ең өзекті мәселе. Мыса­лы, бірде-бір жекеменшік перзент­х­ана мем­лекеттік тапсырыс алғысы кел­­мейді. Өйткені бір әйелді бо­сан­­ды­ру­ға ел бюджетінен 127 мың тең­ге бө­лінеді. Бұл қаражат әйелді босан­дыруға, дәрігер мен медцина қыз­мет­керлерінің еңбегіне қарай лайық­ты жалақы төлеуге жетпейді. Бі­реудің толғағы жеңіл болса, енді бі­реуі ауыр босанады. Сол себепті, мем­лекеттік ауруханаға да, жеке­мен­шік емхана үшін де тиімді, тар­­тымды баға белгіленгені жөн. Бұдан мемлекет те ұтады: жаңадан ауру­ха­на салудың қажет болмайды. Бүгін­де Астана мен Алматыда, об­лыс ор­талықтарында жеке­мен­шік сек­тор жұмыс істеуде. Олардың ем­ха­на­лары да, стационарлары да бар. Же­кеменшік секторды қо­лы­мыздан кел­генше қолдауымыз қа­­жет. Өйт­кені жекеменшік меке­ме­нің мем­ле­кетке қарағанда шаруа­ны дөңге­ле­тіп әкететінін өмір­дің өзі дәлелдеп берді. Мем­ле­кет­тік және жекемен­шік ЭКО кли­никаларды алып қара­саңыз­шы, даму деңгейі – жер мен көк­тей.
– Сарапшылардың бір тобы елі­міз­­де жекеменшік сақтандыру ком­па­нияларына негізделген жаңа үлгі ен­­гізуді ұсынуда. Осы мәселе тура­сын­­да пікіріңізді білсек?
– Әуелде жекеменшік сақ­тан­дыру компанияларына негізделген нұсқаны қолдадым. Бәсе­ке­лес­тік­тің болатынына сендім. Бүгінгі қо­ғам­ның әлеуметтік ахуалы бір­кел­кі емес екенін ескерсек, Ұлттық банк, Ден­саулық сақтау және Қар­жы ми­нистрліктері тарапынан қадаға­лан­атын бірыңғай қор ғана әр­бір тұр­ғынды орташа медици­на­лық кө­мек­пен қамтамасыз ете ала­ды. Оның үстіне, сақтандыру ком­па­ния­ларының қызметіне ешкім тоқ­тау салғалы жатқан жоқ. Олар сто­ма­тология, косметология сынды қо­­сымша қызмет түрлерін да­мытуы­­на болады. Жүйеге же­ке­мен­шік сақтандыру компания­ларын енгізіп, халықтың ақшасын талан-та­раж ету – қате. «Қойшы көп бол­са, қой арам өледі» демек­ші, тізгінді он­даған сақтандыру компаниясына бер­сек, ақырында қаражат жетпей қалуы да мүмкін. Ресейдің міндетті ме­дициналық сақ­тандыру жүйе­сінде 70 шақты же­кеменшік сақ­тан­дыру ком­па­ниясы жұмыс істейді. Медици­на­лық көмек деңгейіне халықтың көңі­лі толмайды. Қаржы жетпеген­дік­тен, олар тағы бір пакет енгізуде. Сондай-ақ егер жарнаны әркім тап­қан табысына қарай төлейтін бол­са, Үндістандағыдай ауқатты­лар мен кедейлерге жеке-жеке ау­ру­хана ұстауға тура келмек. Қалай бол­ғанда да әлеуметтік тепе-теңдік эле­менттерін сақтап қалуға ты­рысуы­мыз қажет. Бұл тұрақтылық­ты бірыңғай қор тиімді жүзеге асы­ра алады.
– Ресейдегі медициналық сақ­тан­дыру жүйесі ОМС+ пакетін ен­гізіп жатқаны рас. Бұл жеке­мен­шік сақтандыру компанияларына негіз­дел­ген сақтандыру жүйесінің тиім­сіз­дігін дәлелдеп отырғандай ма?
– Рас, қосымша бір пакет ен­гізу­дің өзі жүйенің жүйесіздігі мен тиімсіздігі дәлелдеп отыр. Сақтан­дыру компаниялары үшін жас буын өкілдерін сақтандырған тиім­дірек. Себебі, «тепсе темір үзетін» жас­тар көп ауыра бермейді. Қарт­тар, балалар мен созылмалы сыр­қаттарға шалдыққан науқастар мем­лекеттің мойнында қала бе­ре­ді. Қазір барлық қаражатты бір қорға шоғырландырсақ, ақша қара­пайым халықтың игілігіне қызмет етеді. Сақтандыру ком­па­ниясына түскен қаржының тіке­лей қожайынына жұмыс істейтіні айт­паса да түсінікті. Сондықтан бәрі­міз жұмылып, жүйенің аяқтан тұрып кетуіне үлес қосуымыз ке­рек. Мемлекет басшысы ескерткен мәселелер шешілмей қалмайтыны анық. Бұл – тек уақыт еншісіндегі дүние. Өзін-өзі жұмыспен қам­ты­ған тұрғындар мәселесін міндетті сақтандыру бағдарламасын жүзеге асыру барысында да шешуге бо­лады. Күнін өзі көріп жүргендер жарна төлеуі тиіс немесе жұмыссыз ре­тінде тіркелуі қажет. Сонда, олар­­ды мемлекет сақтандырады. Біз­­дің мекемеге санитарлық қыз­мет­керлер, медбикелер жетпейді. Жұ­мыс орны бар, бірақ ешкімнің сол жұмысқа тұрғысы келмейді. Жұ­­мыс істегісі келетін, іске жарам­ды адам жатып ішер болмауы тиіс.
– Бүгінде МӘМС жүйесі жа­ғым­сыз әрі күмәнді пікірлерден кен­де емес. Шын мәнінде, сақтан­дыру­дан қорқудың қажеті бар ма?
– Мұндай керағар пікірлердің бір­сыпырасын әлеуметтік желілер­ден оқып жүрмін. Көпшілігі тоқ­саныншы жылдардағы сәтсіз тә­жірибені алға тартады. Бірақ қа­зіргі жағдай бұрынғыға ұқсамайды. Қар­жылық дағдарыс өршіп тұрған кезде көпшіліктің, тұтас бір облыс­тар­дың жарна төлеуге мүмкіндігі бол­мады. Бүгінгі жағдай біраз оңал­ды. Оның үстіне, қарапайым жұртшылыққа бірден ауыр салмақ түс­пейді. Алдымен, жұмыс беру­ші­лер төлейді, бірер жылдан кейін жа­лақының аз ғана бөлігін ау­дарамыз. Көп ұзамай, қор сапалы әрі білікті медициналық көмекпен қам­тамасыз етуге күш салады. Мы­салы, айына 5 мың теңге аударсам, жылына 60 мың болады. Қандай да бір күрделі ота қажет бола қалған жағ­дайда науқасқа көрсетілетін ме­дициналық көмек құны мил­лионға жетіп жығылуы әбден мүм­кін. Осы бір ғана тұсынан алып қара­сақ та, қорқудың қажеті жоқ. Қор да, жүйе де, көптеген ауруха­на­лар мен емханалар да – мемле­кет­тің жіті бақылауында. Оған қо­са, бүгінде жекеменшік клини­ка­лар да жүйеге қатысуға қызығу­шы­лық танытып отыр. Тариф көңіл­ге қонымды болса, өзгелер де қа­рап қалмайды деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Дереккөз: Айқын