Қазақстан жаңалықтары
Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018 - 2022 жылдарға арналған Кешенді жоспары туралы» баяндамасында хабарлады.
Елжан Біртановтың айтуынша, соңғы 10 жылда Қазақстанда қатерлі ісік аурулардың өсу үрдісінің 9,5 %-ға ұлғайғаны, өлім-жітім көрсеткіші 28,5 % - ға төмендегені байқалған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының шеңберінде «Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018 - 2022 жылдарға арналған Кешенді жоспарының» жобасы әзірленді.
«Кешенді жоспардың мақсаты қатерлі ісіктердің ауыртпалығын төмендету болып табылады. Бұл аталған жоспардың негізгі мақсаттары: профилактиканы дамыту және қауіп факторларын басқару; онкологиялық аурулардың жоғары тиімді ерте диагностикасы; онкологиялық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу; онкологиялық көмекті цифрландыруды, кадрлық әлеует пен ғылымды дамыту»,- деді министр.
Кешенді жоспарлауда Астана қаласында онкологиялық көмек көрсетудің үйлестіруші рөлін іске асыратын Ұлттық онкологиялық орталықты құру көзделген.
«ТМККК қызметтерін кеңейтуге бағытталатын Кешенді жоспарды іске асыруға 35,1 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде: халықтың нысаналы топтарын скринингтермен қамтуды ұлғайту арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға; диагностика және ісікке қарсы емді бақылау үшін ПЭТ зерттеулері қызметтерін ұлғайтуға; онкологиялық ауруларға күдігі бар пациенттердің диагностикалық қызметтерге (КТ, МРТ) қолжетімділігін ұлғайтуға; қатерлі ісіктерге молекулярлық-генетикалық тестілеуді енгізуге; телепатология арқылы диагностиканың күрделі жағдайларына халықаралық консультациялар жүргізуге бағытталады»,-деді Елжан Біртанов.
Бұдан өзге, министр онкологиялық ұйымдар үшін орталық цитостатикатты орталықтан сұйылтуға арналған жабдықтарды сатып алуды жоспарлап отырғанын атап өтті, бұл антисептикалық дәрілерді тиімді, қауіпсіз және ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда министрлік медицина саласында IBM Watson for Oncology жасанды зердені енгізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Аталған платформа онкологтарға дәлелденген медицинаның негізінде жеке емдеу әдісін ұсынады және онкологиялық сараптауға, шетелдік медициналық әдебиеттерге қол жеткізеді.
Министрдің айтуынша, Кешенді жоспарды іске асыру үшін жеке инвестициялар тартылатын болады. Осы мақсатта мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің механизмдерін пайдалана отырып, 149 бірлік жабдық сатып алу жоспарланып отыр. Министрлік онкологиялық қызметтің инфрақұрылымын дамыту бойынша ұсыныстарды қарастыруға және ынтымақтастық қарым- қатынасқа дайын. Осыған байланысты, біздер жергілікті атқарушы органдарды жеке сектормен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға шақырамыз,-деді Елжан Біртанов.
Министр сөзінің соңында Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде ЭЫДҰ жетекші елдерінің онкологиялық ауруларды ерте анықтаудың негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізілгенін жеткізді. «Бірінші кезекте, жатыр мойны обырының скринингі кезінде обыралды жай-күйді анықтауды 2022 жылға қарай 0,6%-ға дейін және колоректалдық обырды 23,0%-ға дейін ұлғайту; онкологиялық аурулардың ерте сатыларын анықтауды 33,5%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Екіншіден, жатыр мойны обырының бастапқы деңгейін 65%-ға дейін, сүт безі обырының бастапқы деңгейін 45%-ға дейін, колоректалдық обырдың бастапқы деңгейін 25%-ға арттыру күтілуде. Үшіншіден, обырдың асқынған нысандарын 7,2% дейін төмендету; онкологиялық науқастардың 5 жылдық өміршеңдігін 60%-ға дейін ұлғайту күтілуде» ,-деп өз баяндамасын қорытындылады Елжан Біртанов.