СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Вице-министр Алматыда жедел жәрдем пациентке неліктен ұзақ жететінін айтты
26 шілде 2018
Вице-министр Алматыда жедел жәрдем пациентке неліктен ұзақ жететінін айтты

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Facebook желісінде онлайн-қабылдау өткізіп, азаматтардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Алматы тұрғыны қаладағы жедел жәрдем қызметі туралы мәселе қозғады. Ол жедел жәрдем паркі мен қызметкерлер құрамын жаңарту керектігін айтты.

«Жалпы алғанда, мегаполис, мысалы, Алматы қаласы біріншіден халық санының көптігімен, екіншіден автомашинаның көптігі салдарынан интенсивті трафикпен ерекшеленеді. Жедел жәрдем көлігінің жету жылдамдығы осыған байланысты. Жалпы, тек Алматыда емес, бүкіл елде жедел көмек көрсету жұмысын жетілдіру үшін өткен жылы Денсаулық сақтау министрінің «Жедел жәрдем жұмысын жақсарту туралы» бұйрығы шыққан болатын», - деді Ләззат Ақтаева.

Вице-министрдің айтуынша, Алматыда бір ауысымда 177-ге жуық жедел жәрдем қызметі жұмысқа шығады. Олардың жартысынан көбі - дәрігерлер бригадасы, ал 45 пайызы - фельдшерлер бригадасы. Көліктердің барлығы GPS навигациясымен жабдықталған. Яғни, диспечерлік қызмет жедел жәрдем бригадасының қай жерде келе жатқанын көріп отырады.

«Елімізде жылдам медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру ісі әрі қарай жалғасып жатыр. Жедел жәрдем көлігінің пациентке жету уақытын қысқарту бойынша жұмыс жасалуда. Сондай-ақ, дәрігерлер алғашқы көмекті жоғары деңгейде көрсете алуы керек, ал жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері қауіпсіз жол жүре білуі тиіс», - деді Ләззат Ақтаева.

Дереккөз: baq.kz