Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатынан кейін босанған әйелдердің көз жұму себебін анықтау неліктен кешеуілдеп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қазақстан жаңалықтары
«Соңғы үш жылдағы жағдайға талдау жасағанда ана өлімі көбеймегенін көрдік. Бұл ақталғанымыз емес. (...) Жүктілікті, сол кездегі барлық ауыру жағдайларын өз уақытында тіркеу қажет. Сонда ғана сауықтыру мүмкін болмақ. Өкінішке қарай, жүкті болғандардың 30%-ы ауырады. Оларды сауықтыру үшін барлық мүмкіндікті қолдану керек. Кейде созылмалы ақаулар, қарсы көрсетім болса да, өкінішке қарай, ешкімді тыңдамай босанады. Сол кезде кім кінәлі, дәрігер кінәлі болып шығады», - деді Біртанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатынан кейін кулуарда.
Министр босанған әйелдер өліміне қатысты тергеу неліктен ұзақ уақытты алатыны туралы уәж айтты.
«Тергеуді нақты түрде жүргізу қажет. Ол оп-оңай емес. Шынымды айтсам, бұл физика, не болмаса математика емес. Жағдайдың себебін анықтау қиынға соғатын кездер болады. Әкімдік те, біздің департаментіміз де зерттеу жүргізіп жатқан соң асықпауды ұсынамыз. Толыққанды, тәуелсіз сарапшылармен, кейде шетелден мамандар шақырып зерттеу жүргіземіз. Даулы мәселелерді талдап,ең бастысы қатемен жұмыс істеуіміз қажет. Халықаралық сарапшылар біз қолданатын шараларды тым қатты дейді. Ана өлімі болса бірден бас дәрігерді алып тастаймыз», - деді мекеме басшысы.
Қазір көптеген өңірде әкімшілік қызметкерлер мен дәрігерлер тапшы. Себебі – жалақы аз. Министрден қанша деп сұрағанда 80 мен 100 мыңның аралығында деп жауап берді. Ал мұндай мамандар аз жалақыға қиын жағдайдағы әр әйелге консультация беруі тиіс.
«Мемлекеттік бағдарлама мақсатты көрсеткіштерді айқындайды. Әр аймақ көрсеткішті төмендетуі тиіс. Өкінішке қарай, көптеген өңірде төмендеудің орнына ұлғайып жатыр. Баяндамада әкімшілік қызметкерлер, дәрігерлер, техника қай өңірде тапшы екенін көрсеттік. Премьер-министр әкімдерге тапсырма берді», - деді Біртанов.
Ескерту!
Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.