СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Халықтың көп бөлігі денсаулық сақтау қызметтеріне өз қалталарынан төлейді – Біртанов
29 мамыр 2018
Халықтың көп бөлігі денсаулық сақтау қызметтеріне өз қалталарынан төлейді – Біртанов

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізімін жетілдіру бойынша атқарылған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін қаржыландыру ағымдағы жылы 917,4 млрд теңге, оның ішінде медициналық қызметтерді сатып алу 776,9 млрд теңгегі құрады. Айта кетсек, үстіміздегі жылдан бастап мамандандырылған қызметтер, мысалы онкология, наркология және жедел жәрдем қызметтерін қаржыландыру жергілікті деңгейден орталық деңгейіне көтерілді. Сонымен қатар, медициналық қызметтерді көрсететін жаңа ұйымдар пайда болды. Биыл бірінші тоқсанда олардың саны 1390-ды құрады, соның ішінде жекеменшік ұйымдар саны 175-ке артқан», - деді Біртанов.

Ол Мемлекет басшысының 2018 жылдың 10 қаңтардағы тапсырмасын орындау шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ТМККК тізімін қалыптастыратын жаңа тәсілдерді және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің пакетін қарастыруды ұсынды.

«Жыл сайын тегін медициналық көмекке бөлінетін бюджет қаражатын ұлғайтуға қарамастан соңғы 5 жылдың ішінде халықтың денсаулық сақтау қызметтеріне қалта шығыстарының өсуі байқалды. Ол 2017 жылы 678 млрд теңгені құрады. Қалта шығыстарының үлесі денсаулық сақтаудың жалпы шығыстарының 41%-ына жетті. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған шекті деңгейден екі есе жоғары. Бұл ретте жеке шығыстардың 30%-дан астамы тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілген қызметтерді ақылы түрде сатып алуға бағытталған. Бұл бірінші кезекте тегін медициналық көмектің белгілі бір көлемін толық қаржыландырмауға байланысты. Дефицит көлемі қазіргі таңда 360 млрд теңгені құрайды. Соның салдарынан, әсіресе, әлеуметтік осал санаттағы ел азаматтары денсаулыққа байланысты қаржылық тәуекелдерден жеткіліксіз қорғалған», - деді ол.

Дереккөз: baq.kz