Вакцина ектіруден бас тартқан ата-аналардың 90 пайызына діни ұстанымы әсер еткен, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі inatyrau.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан жаңалықтары
12 сәуір 2018
Атырау облысында 260 ата-ана баласына вакцина ектіруден бас тартты
Бұл мәліметті Атырау облысының қоғамдық денсаулық қорғау департаменті басшысы міндетін атқарушы Ерболат Уайсов айтты. Оның айтуынша, Атырау облысында жыл басынан бері вакцина ектірмеген 260 бала тіркелген.
«Бұл төрт айдың көрсеткіші ғана. Мысалы, өткен жылы вакцина ектіруден 484 ата-ана бас тартса, 2016 жылы бас тартқан ата-аналар саны 398 болған», - дейді ол.
Спикердің айтуынша, ата-аналармен медициналық мекеме мамандары ғана емес, мешіт имамдары да профилактикалық әңгіме жүргізуде.
«Дәстүрлі ислам балаға вакцина ектіруге қарсы емес. Вакцинадан деструктивті діни ағымда, соның ішінде салафизм ағымында жүрген ата-аналар бас тартады», - дейді мешіттің бас имамы Өсімхан Тілеуов.
Дереккөз: baq.kz