Бүгінгі таңда елімізде балаларына екпе жасатудан бас тартатындар саны көбейіп барады. Сенат депутаты Әбдалы Нұрәлиев Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан осы мәселеге қатысты түсініктеме беруді сұрады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қазақстан жаңалықтары
«Халық арасында медициналық қызмет сапасына қанағаттанбаушылық жиі байқалады. Соңғы уақытта ата-аналар басқа елдерден әкелінетін вакцина мен дәрі-дәрмектің сапасынан қауіптенеді. Сол себептен балаларына екпе жасатудан бас тарту фактілері көбейіп отыр. Басқа ұқсас вакциналарды емес, клиникалық тұрғыда тиімділігі төмен вакциналарды алға жылжыту бойынша жеке фармацевтикалық компаниялардың мүдделерін қолдау орын алып отыр. Сонымен бірге, екпе алғаннан кейінгі жанама әсерлер тұтынушылар тарапынан бірқатар наразылық тудыруда. Осыған байланысты аталған саладағы бақылауды күшейту үшін қандай шаралар қабылданады?» - деп сенатор Денсаулық сақтау министрінен сұрады.
Ал, министр Елжан Біртанов соңғы жылдары ата-аналар екпе алудан бас тартып жатқанын растады.
«Жалпы, ел бойынша екпемен қамтамасыз ету 97 пайызды құрады. Бірақ, соңғы жылдары екпеден бас тарту көбейіп, өткен жылы 12 мыңнан астам азамат балаларына вакцина жасатудан бас тартты. Біз ата-аналар арасында арнайы зерттеу жұмысын жүргіздік. Көп жағдайларда олар өз отбасыларының ойларына немесе діни мәселелерге байланысты екпе салғызбайды. Ал, вакцина, дәрі-дәрмектің сапасына байланысты тек 9,6 пайыз ата-ана бас тартты. Біздің мақсатымыз - жеткізіліп жатқан бүкіл дәрі-дәрмекті жоғары деңгейдегі сапалы бақылаудан өткізу. Қазіргі күні арнайы зертханалар бар. Осы зертханалар алдына дәрілердің сапасын бақылау міндеті қойылған. Біз жалпы дәрі-дәрмек сапасын бақылауды халықаралық деңгейге жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз», - деді министр «Үздік денсаулық сақтау ісі - дені сау ұлт» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда.
Біртановтың айтуынша, ата-аналарға екпе жайлы көбірек ақпарат берілуі тиіс.
«Соған байланысты қазір біз Ұлттық вакцинация комитеті негізінде жоспар бекіттік. Сол жоспар бойынша ата-аналар арасында жергілікті деңгейде жұмыс жүргізіледі», - деп түйіндеді Елжан Біртанов.