Қазақстанда медициналық өнiмдердiң қозғалысы штрих кодпен қадағаланбақ. Бұл контрафактiлiк дәрiлердiң алдын алуға септiгiн тигiзбек. Бiрнеше сатыда енгiзiлетiн жүйе 2023 жылы толық iске қосылады, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
Қазақстан жаңалықтары
«Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметiнше, мемлекеттер аумағына әкелiнетiн дәрi-дәрмектiң шамамен 10 пайызы - контрафактiлiк өнiмдер. Аталған тауарлар, әсiресе дәрiлер адам денсаулығына үлкен зиян тигiзуi мүмкiн. Контрафактiлiк дәрiлермен күрес - бүкiл әлемде денсаулық сақтау жүйесiндегi басым мiндеттердiң бiрi саналады. Өзге ел сарапшыларының тәуелсiз бағалауына сәйкес, Қазақстанда бұл көрсеткiш 20-30 пайызға дейiн жетедi. Сондықтан, бұнымен күресу керек», - дедi Денсаулық сақтау вице-министрi Алексей Цой.
Ал Дәрiлiк заттарды сараптау ұлттық орталығы бас директорының орынбасары Болат Жантөриевтiң айтуынша, бүкiл әлемде контрафактiлiк немесе сапасыз дәрiлiк заттар 100 мыңнан 1 миллионға дейiн адам өлiмiне, сондай-ақ, iрi экономикалық шығынға әкеледi. Сол себептен дәрiлер, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника халық денсаулығының аса маңызды элементi саналады.
«Көптеген дамыған елдерде, оның iшiнде АҚШ, Еуропа, Жапония, Түркия, Кореяда өнiмдердi қадағалау - қазiргi заманғы бизнес жүргiзу талабы, экономиканы цифрландыру жүйесiнiң талабы. Бiз тауарлардың, оның iшiнде дәрiлiк тауарлардың қозғалысын қадағалаусыз әлемдiк экономикаға кiре алмаймыз. Сондықтан, осы механизмдер Қазақстанда белсендi түрде талқыланып жатыр. Әр дәрiнiң қаптамасында коды болғанда бiз дәрiлердiң қайда, не үшiн бара жатқанын, қай дәрiханалар мен медициналық мекемелерге жеткенiн қадағалай аламыз. Осылайша, бiз заңсыз дәрi жеткiзушiлердiң жолын бөгей аламыз. Дәрi қаптамасына арнайы әлемдiк форматтағы штрих код (екi өлшемдi DataMatrix үлгiсiндегi бақылау сәйкестендiру таңбасы) белгiленедi. Бiз осылайша әлемдiк даму қарқынынан қалмауға тырысып жатырмыз. Бұл бiр сәтте жүзеге асатын нәрсе емес. Ол бiрнеше жылға жалғасып, бiрнеше сатыда енгiзiледi. Қадағалау жүйесiн 2023 жылы толық енгiзудi жоспарлап отырмыз», - дедi Жантөриев.
Маман мәлiметiнше, 2018-19 жылдары пилоттық жоба енгiзiлсе, 2020-21 жылдары өндiрушiлердiң ерiктi қосылуымен қадағалау жүйесi iске қосылады. Ал, 2023 жылы республикада айналымда жүрген дәрiлiк заттарды мiндеттi таңбалау енгiзiледi.
Болат Жантөриевтiң айтуынша, қадағалау жүйесi қазақстандықтарды сапалы әрi қауiпсiз дәрi-дәрмек және медициналық бұйымдармен (шприц,қолғап,ине және т.б) қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.