Пациенттің медициналық жазбаларын электрондық денсаулық құжатына енгізгенде ескі деректердің кейбіреуі жоғалуы мүмкін. Бұл туралы республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының бас директоры Олжас Әбішев мәлімдеді, деп хабарлайды Bаq.kz тілшісі.
Қазақстан жаңалықтары
«Барлық жазба 100% цифрланады деп айтуға болмайды. Суреттерді цифрландыруға болады, бірақ деректердегі қойылған диагноздардың барлығын көшіру мәселесі қиындық тудырып отыр. Осы жылдың соңына дейін бұл мәселені шешеміз. Біз деректерді жоғалтып алмайтындай барлық амалды қарастыруға тырысамыз», - деді ҚР электрондық денсаулық сақтау республикалық орталығының бас директоры Олжас Әбішев «Денсаулық сақтау саласын цифрландыру» тақырыбында өткен кездесу барысында.
Оның айтуынша, электрондық денсаулық сақтау паспортын енгізу екі кезеңде жүзеге асырылатын болады.
«Мәселен, биылғы жылдан бастап біз қазіргі кезде басталатын барлық қызметті цифрлық форматта жазуды бастаймыз. Екінші кезеңде ескі деректерді цифрландыруды бастаймыз», - деді Әбішев.
Әбішев атап өткендей, бүгінде еліміздің төрт өңірінде дәрігерлер есеп беруде қағаз форматын жойды.
«Қазір дәрігер барлық жұмысты бір уақытта жүргізеді, яғни дәрігер уақытты үнемдейді. Біз созылмалы аурулары бар пациенттердің сыртқа шықпай-ақ, смартфоннан денсаулықтары туралы ақпарат жіберу үшін жағдай жасағымыз келеді. Осылайша оның денсаулығының динамикасын бақылауға болады», - деді ол.
Сарапшының айтуынша, қазақстандық медициналық құжаттардағы қағаз бетіндегі жазбаларды толығымен цифрландыру үшін елде бірқатар мәселені шешу қажет.
«Қағазсыз режимде жұмыс істеу үшін компьютерлік техника, интернет желісіне қолжетімділікті және медициналық жүйелерді енгізу мәселелерін шешу қажет. Біз «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп жұмыс істейміз. Интернетке қол жетімділікті қамтамасыз ету бойынша 2020 жылға дейінгі жұмыс жоспары бар», - деп түсіндірді ол.
Оның мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда медициналық мекемелердің интернетке қосылу проблемалары Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының медициналық мекемелерінде туындап отыр.