СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Туберкулез – емделетін ауру
16 наурыз 2018
Туберкулез – емделетін ауру

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жер шарының әрбір үшінші тұрғыны туберкулез микобактериясы инфекциясын жұқтырады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, жыл сайын әлемде 8 миллион 400 мың адам туберкулезбен ауырып, 2 млн адам өмірімен қоштасады. Ем қабылдамайтын әpбip науқас 10 адамнан 15 адамға дейін ауруын жұқтырып үлгереді десек, дүниежүзінде әрбір минут сайын 1 адам осы кеселдің құрығына ілігіп жатады. Бірақ инфекцияны жұқтырғандардың 5-10 пайызының ағзасында ғана туберкулез бактериялары дамуы мүмкін.

Дүниежүзілік Экономикалық Форумның 2017-2018 жылдарға арналған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есебіне сәйкес, Қазақстан 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Туберкулездің таралуы» («Tuberculosis incidence») факторы бойынша өзінің жағдайын 2016 жылмен (138 елдің ішінен 92-орын алған) салыстырғанда 2 позицияға жақсартты және 138 елдің ішінен 90-орын алды.

Қазақстанда туберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай байқалады. Соңғы 10 жылда туберкулезге шалдығу жағдайы 2,4 есеге төмендеп, 2017 жылы 100 мың халыққа шаққанда 2007 жылғы 126,4-ке қарсы 52,2-ні құрады. Өлім-жітім жағдайы 100 мың халыққа шаққанда 6 есеге төмендеп, 3,0-ді құрады.

Қазіргі таңда Астана каласында туберкулездің эпидемиологиялык ахуалын бақылау басым бағыттардың бірі болып отыр. Астана қаласының әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасының тұрақты қолдауы нәтижесінде Қазақстан Республикасының туберкулезге қарсы күрес Ұлттық бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын кешенді шараларының бірі - аурудың төмендеуі байқалады.

Мамандардың тынымсыз ізденісі, сауатты ем-дом, осы дерттің себеп-салдарын қоғамның дұрыс түсінуі, үгіт-насихат жұмыстары біз ойлағаннан да жақсы нәтижеге жеткізді.

Егер адам салмақ жоғалтса, қызуы көтерілсе, көкірек тұсына шаншу қадалса, өзінен-өзі терлеп-тепшіп жүрсе, дәрігерге көрінуі керек. Бұл – аурудың негізгі белгілері. Адам жақсы тамақтануы тиіс Біздің науқастардың арасында «иттің майын, борсықтың майын ішсем, құлан-таза айығып кетемін» деген жаңсақ түсінік бар. Туберкулездің ең негізгі емі – спецификалық препараттар. Ауру асқынып тұрғанда «иттің майын ішіп жазыламын» деген дұрыс емес. Әрине, жақсы, майлы, калориялы тамақтар жеу керектігіне таласымыз жоқ. Ауруды жұқпалы сатысынан спецификалық препараттармен емдеп шығарғаннан кейін тиімді тамақтану үшін ас мәзіріне иттің майын қосқаннан гөрі қымыз ішіп, ақ тағамды көбірек қолданған жөн.

Туберкулезбен ауырып қалмау үшін денені шынықтырып, спортпен айналысу керек. Таза ауаға да жиі шыққан пайдалы. Мамандар жұмыс орнында бір сағат отырып, арасында 10 минуттай далаға шығып, таза ауа жұту пайдалы дейді. Егер бір бөлменің есік-терезесін ауа өткізетін саңылау қалдырмай қымтап, туберкулездің жұқпалы сатысындағы бір адамды және сап-сау үш адамды қамап қойса, үш адамға инфекция жұғуы мүмкін. Ал далада, таза ауада, терезесі ашық көлікте, ғимаратта инфекцияның жұғу қаупі төмен.

Туберкулезбен күресу тек диспан­сердің, ауруханалардың, медицина қызметкерлерінің ғана міндеті деп қабылдамау керек. Әр адам өз денсаулығы үшін алаңдағанда, осы дертпен күреске ден қойылғанда ғана дертті жеңу мүмкіндігі туады. Дәрігерлер туберкулез емделетін ауру екенін айтады. Дәрігер тағайындаған емді үзбей жасап, салауатты өмір салтын ұстанса, дұрыс тамақтанса, құрт ауруынан құлан-таза айығып кетуге болады.

Қазақстанда туберкулез емделеді: туберкулезді анықтаудың инновациялық жеделдетілген әдістері мен оны емдеудің халықаралық стандарттарға негізделген әдістері әрбір азаматқа тегін негізде қолжетімді.

Дереккөз: baq.kz