Бүгін Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандықтардың қажетті дәрі-дәрмекті ала алмай жүргені туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қазақстан жаңалықтары
«Биыл диспансерлік-созылмалы аурулардың тізімін ретке келтіруіміз керек. Бізде бар диспансерлік бақылау регистрін қараған кезде сіздерден келіп түсетін өтінімдердегі сандар мүлдем басқа. Барлық дерекқорды бір қалыпқа келтіруге тиіспіз. Цифрландыру бойынша биыл жүргізілетін жұмыстар дәрі-дәрмекке мұқтаж аурулар санының қанша екенін анықтауға көмектеседі деп ойлаймын», - деді Елжан Біртанов.
Министрдің айтуынша, 2019 жылға қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алу шілде айында басталады. Ал 2018 жылы ел азаматтарын амбулаториялық-дәрілерлік заттармен қамтамасыз ету үшін керекті препараттардың 90%-ы сатып алынған. Ақпанның соңына дейін барлық қажетті дәрі емханаларға жеткізіледі.
«Аймақтардан келген 1000-дай шағымды қарап шыққанда басқа да мәселе көп екеніне көзіміз жетті. Емханалардың деректер базасында «дәрі берілді» деп көрсетіліп, алайда оны алмаған азаматтарымыз бар болып шықты. 500 адамды таңдап алып оларға хабарласып шыққанда «дәрі алмадық» деген азаматтар саны аз емес. Сонда ол дәрілер қайда кетеді? Алған ақпараттарға байланысты тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Емханалардың бас дәрігерлерінен өтінерім, мұнда маңызды мәселе тұр, бюджет қаржысын мақсатсыз және тиімсіз жұмсалмауы тиіс»,- деді Елжан Біртанов денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында.