Өткен жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры алғаш рет өз жұмысын бастады. Алайда жыл басынан бері бізге кейбір емдеу мекемелерінің талапты бұзып, жалған өтініштер толтырып, азаматтарды өздеріне тіркегені жайлы мәліметтер келіп түсті. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрайымы Елена Бахмутова мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қазақстан жаңалықтары
Басқарма төрайымының айтуынша, өткен жылы аталған қор тұңғыш рет емханалармен жұмыс істей бастапты. Бірақ жыл басынан бері кейбір емдеу мекемелері азаматтардың атынан тіркеу жөнінде жалған өтініштер жазып, оларды өздеріне тіркегені туралы деректер анықталған.
«Облыстағы емханаларға азаматтарды тіркеу барысында талаптарды бұзу деректері анықталды. Азаматтарды емханаларға тіркеу барысында деректердің бұрмаланғаны жайында шағымдар түсе бастады. Шағымдардың саны көп емес. Бірақ, біз олармен жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы бұл арыздар қордың қызметін жеткізуші тараптардың беделіне нұқсан келтіреді. Тіпті өз қызметін адал атқарып отырған мекеме болса да», - деді төрайым.
Осы орайда, Елена Бахмутова аталған мәселені шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
«Азаматтарды емханаға тіркеу форматын өзгерту және бұл процестен емханаларды алып тастау сынды жұмыстар жүргізілуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірігіп, азаматтардың емханаға тіркелу қызметін онлайн режимге көшіруді ұсынып отырмыз. Енді оларға емханаға барудың қажеті жоқ. Өткен жылы онлайн түрде 29 мың азамат емханаға тіркеліпті. Біз көптеген тұрғынның аталған қызметті пайдаланғанын қалаймыз», - деді ол.
Басқарма төрайымы қазіргі таңда аталған қызметті ХҚКО арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер реестріне енгізу туралы ұсыныс дайындап жатқанын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл жоғарыда аталған деректердің туындауына жол бермейді.
«Ол бойынша азамат ХҚКО-да емханаға тіркелу туралы өтінішті қалдырады. Кейін бұл өтініш медициналық мекемелерге беріледі немесе ХҚКО-ға тапсырылады. Ал ХҚКО азаматтың деректерін қарап шығып, оның қай емханаға тіркелгісі келгенін ескеріп, оны Денсаулық сақтау министрінің тиісті реестріне енгізеді. Сонда азаматтардың емханаларға тіркелуі барысында мәліметтердің бұрмаланғаны жайында деректер тіркелмейді», - деп түйіндеді сөзін ол.
Елена Бахмутованың айтуынша, бұл жұмыстар осы жылдың 3-4 тоқсанында аяқталуы мүмкін.