Қазақстан жаңалықтары
Соңғы кезде менингококк жұқпасы бойынша орын алған ахуалға байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы қаласына келіп, арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Министрдің оңтүстік мегаполистегі бұл сапарына Қазақстан баспасөз клубының ұсынысы түрткі болғанын атап өткен жөн. Өйткені қазір алматылықтар менингитке қатысты алаңдаулы жағдайда, алып-қашты қауесеттермен қатар, смартфондар арқылы тараған түрлі теріс ақпараттар тұрғындарды үрейде ұстап отыр.
БАҚ өкілдері әдеттегіден көп жиналды және осы саланың сан қатпарлы мәселелеріне орай Біртановқа қойылған сауалдар легі де көп болды. Бұл жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев пен Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да қатысып, қосымша мәліметтер беріп отырды. Денсаулық сақтау министрі бастаған делегация алдымен Алматы мен Алматы облысындағы жұқпалы аурулар ауруханасын аралап шықты. Бұған негіз де жоқ емес. Алматы облысы Қаскелең қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының мүшкіл жағдайы туралы науқастар әлеуметтік желіде жариялаған болатын. Министр Қаскелең ауруханасындағы жағдайдың ақиқатында көңіл көншітпейтінін көзімен көріп, «Қаскелең қаласындағы аурухананың жағдайы нашар. Мен қазір құзырлы органдарға Қаскелең жұқпалы аурулар ауруханасын жауып, Қаскелең орталық ауруханасына қосу туралы арнайы тапсыра бердім. Орталық ауруханада арнайы қосымша ғимарат бар. Ғимарат жаңа. Өте ауыр науқастар Алматыға немесе Талдықорғанға тасымалданатын болады», деді. Соңғы тәулікте ауруды жұқтырған тағы бір науқас тіркелген. Ауру асқынып тұрған Алматы соңғы үш күнде тыныш. Жаңа науқас тіркелген жоқ». Министр менингитке шалдыққандармен байланыста болғандардың саны төрт мыңға жеткенін және оларды анықтауда аз жұмыс атқарылмағанын атады. – Олармен дәрігерлер тікелей жұмыс істеп жатыр. Медициналық көмекке келер болсақ, облыстағы тұрғындарға көрсетілетін көмектің төмен екені туралы арыздар келіп түсті. Министрлік енгізген ережелердің бұзылу жағдайлары да орын алған. Ережеге сәйкес, науқасты бір ауруханадан екінші ауруханаға жіберуге рұқсат жоқ. Талғардан Қаскелеңге жіберілген науқас қайтыс болған. Соған байланысты тексерулер жүргізілді, – деді Е.Біртанов. Осылайша министр дертке шалдыққандарға алғашқы медициналық көмек көрсетуде кемшіліктердің кеткенін жасырған жоқ. Сондай-ақ Алматы мен облыстағы ауруханалардың бірқатарында инфекциялық бөлімнің жоқ екенін біліп отыр. Сондықтан да науқастар амалсыз Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп отырған. – Талғар ауруханасында инфекциялық бөлім ашылды. Есік қаласында бұрыннан бар екен. Қаскелеңде болып қайттық. Бұл жерде инфекциялық аурухана бар. Бірақ, аздық етеді. Сондықтан жанында орналасқан орталық ауруханада да инфекциялық бөлім ашылсын деген тапсырма берілді. Алматы облысы әкімдігінің шешімімен барлық аудандық ауруханаларда қосымша төсектер қойылды, – деді Е.Біртанов. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда республика бойынша 59 адам менингококк жұқпасын жұқтырған. Республика бойынша менингококк жұқпасынан 13 адам көз жұмған. Алматыда 5 адам көз жұмды. Олардың 2-еуі – 5 жасқа дейінгі балалар. Екі баланың анасы аурудың алғашқы белгілері басталғанда жекеменшік емханадағы өздерінің жеке дәрігерлерінен кеңес алғаны белгілі болды. – Алдымен нақты айтып кетейін, қазіргі таңда елімізде менингит эпидемиясы жоқ. Індет басталды, енді кеш деген қауесет қате. Бұл үшін аптасына елде 1800 адамда осы диагноз дәйектелуі тиіс. Сол кезде ғана бүкіл елде жаппай менингитке қарсы егуді бастауға болады. Ал вакцинаны алдын ала еккізу керек. Егер бүгін салғызсаңыз, оның иммунитетке әсер етуіне кемі 2-3 апта қажет болады. Қазіргі жағдайда А вакцинасы ғана әсер етеді, – деді министр. Ведомство басшысы менингококк инфекциясына қарсы екпе алу ешқандай да мәселені шешпейтінін, өйткені мұның жақындарымызды А және С менингококктан сақтағанымен, В тобындағы менингококктан сақтай алмайтынын атады. Өйткені, елдің бірде-бір тұрғыны менингококктың барлық нұсқасынан сақтайтын екпені таба алмайды. – Менингит – күнделікті және жыл сайын болып тұратын ауру. Бүгін де бар, ертең де болады, яғни жыл сайын қайталанатын жағдай. Алдыңғы және былтырғы жылдармен салыстырғанда, биылғы көрсеткіш төмен. Ең бастысы – халықты дұрыс ақпараттандыру. Біз жергілікті емханаларға қажетті ақпараттар таратуға тапсырма бергенбіз. Мұндай жағдайда қажетті ақпаратты алу үшін алдымен әр адам өзінің жеке дәрігеріне жүгіну керек. Бұл дүниежүзілік тәжірибе, – деді ол. Осы мәселеге орай Алматы облысы әкімінің орынбасары Ж.Омар халыққа түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын атады. Бір жағынан облыс халқының басым көпшілігі ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан әрбір аудандық, ауылдық әкімдіктерде штаб құрылып, қызу жұмыс жүріп жатыр деді ол. Сондай-ақ министр менингококк инфекциясына қарсы вакцина бағасын арзандату бойынша жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Баспасөз мәслихатында соңғы жағдайларға байланысты антибиотиктер бірден қымбаттап, бетперделер қат болып шыға келгеніне қатысты мәселе көтерілді. «Антибиотиктер де, бетперделер де мемлекет тарапынан берілетін тегін медициналық қызметке кірмейді. Сондықтан министрлік оның бағасын реттеуге құқылы емес. Расында эпидемиологиялық маусымда дәрілер 2-3 есе қымбаттап шыға келеді. Қазіргі заңнамалар бойынша министрлік мемлекет тарапынан беріліп жатқан дәрілердің бағасын ғана реттей алады. Бұл заттар жекеменшік дәріханаларда сатылады. Сондықтан оның бағасын реттеуге біздің құқымыз жоқ. Бірақ Елбасының тапсырмасы бойынша, арнайы заң жобасын әзірледік. Қазір Парламентте қаралуда. Келер жылдың аяғына дейін заң жобасы дайын болады. Дәрілік заттардың бағасын өзгерту үшін міндетті түрде жылына 2 рет арнайы процедура жасалуы керек», деді министр. Е.Біртанов бұл мәселеге жергілікті әкімдіктердің де араласқаны дұрыс дей келе: «Жергілікті атқару органдары, әкімдіктер жеке кәсіпкерлермен жұмыс істеп, олардың әлеуметтік жауапкершілігін көтеруге барын салуы тиіс», деді.