Қазақстан жаңалықтары
Өткен жылы Еуропада қызылша індеті болды. Кәдімгідей таралғаны соншалық, өркениетті 14 мемлекеттің өзі абдырап қалды.
Себебіне үңілсек, бірнеше фактор әсер етіпті. Алдымен жұқпалы аурулардың алдын алып вакцинация жасату елдің бәріне бірдей қолжетімді емес. Екіншіден, адамдардың вакцинадан саналы түрде бас тартуы. Оның да бірнеше себебі бар екен. Біреулер вакцинадан кейінгі ішінара кездесетін шетін оқиғалардан қашып, әлдеқалай жұғатыны мен жұқпайтыны белгісіз аурудан сақтанамыз деп жүрсе, енді бірі діни нанымы бойынша екпе салуды Құдайға қарсылық дейді. Соның салдарынан қоғамда алдын ала вакциналаудан өтпеген, ағзалары ауруға қарсы келе алмайтын адамдардың саны көбейіп, әшейінде бірді-екілі адамға ғана жұғып тоқтайтын дерт ауаға жайылып, тұтас Еуропаны кеулеп кеткен. Елімізде мемлекеттің өзі мойнына алып, көптеген жұқпалы ауруларға қарсы вакцина жасау тегін болғанымен, Еуропадағыдай екпеден қашатындар бізде де баршылық. Себептері де ұқсас келеді. Біз әңгімеге тартқан Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаеваның айтуынша, иммундаудың маңыздылығы сонда, әр адам вакциналаудан өткенде инфекциялық аурулардан өзін ғана қорғап қоймай, айналасындағы жұртшылықты да кеселден сақтайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жылына 2-3 млн адам вакцина жасау арқылы таралуы тежеліп отырған аурулардан көз жұмады. «Вакциналау немесе иммундық сауықтыру алдын алу шарасы денсаулық сақтаудағы басым бағыттардың бірі болып есептеледі. Қазіргі күні еліміз полиомиелит ауруын жойып, өз аумағында бұл кеселді болдырмай отыр. Дегенмен, оған қарсы егу жалғаса береді, өйткені Үндістан, Ауғанстан, Пәкістанда полиомиелит жойылған жоқ. Ал тұйықталып, ешқайда барып-келмей, араласпай отырмаған ел болған соң сақтануға мәжбүрсіз. Инфекцияға шекарадан тосқауыл қоя алмаймыз, сондықтан екпе салу қажеттілік», дейді бас сарапшы. Кейде қол жеткізілген жетістіктің өзіне қарсы жұмыс істейтін де кезі болады екен. Өйткені иммунитетті көтеру нәтижесінде жұқпалы аурулардың азайып, бұрын балаларды қынадай қырған көпшілігінің жойылып кетуі, адамдардың бойларындағы қауіптен сақтану сынды қорғаныштық қабілетін азайтқандай. Сондықтан да елдің көпшілігінде осы иммундаудың өзі қажет пе деген ой туған. Егер статистикалық мәліметтерге жүгіне отырып, осыдан 20 жыл бұрынғы деректермен салыстырсақ, қызамықпен аурудың 1998 жылы 15346 жағдайы тіркелсе, 2016 жылы небәрі 4 бала ғана ауырған. Эпидемиялық паротит, яғни халықта шошқатамақ атауымен белгілі аурумен 1998 жылы 5500 адам науқастанса, былтыр 39 адам ауырып, 106 есеге азайған. Ал вирусты гепатиттің «В» түріне екпе енгізілгенге дейін, мәселен, 1998 жылы 3943 адам осы кеселдің құрығына түссе, қазір балалардың оған шалдығуы 317 есеге төмендеді. Бұрын инфекциялық ауруханаларда гепатитпен ауырғандар көбейгенде қайда жатқызарларын білмей абдыраған дәрігерлерді аяйтынбыз. Дәлізге жатқызуға алмайды, өйткені өзгелерге жұғады, ал палаталар лық толы болатын. Бүгінде қоғамда иммундау мәселесі бойынша сауаттылық деңгейін жоғарылату, ата-аналарға және діни консерваторларға түсіндіру жұмысын жүргізу, иммундануды міндеттеу нәтижесінде вакцинамен басқарылатын инфекциялардың алдын алуға болатынын түсіндірудің маңыздылығы арта түсуде. Әсіресе халықтың көшіп-қону процесі, бизнестік және туристік сапарлармен азаматтардың шетелдерге, ал шетелдіктердің, бізге келулерінің қарқынды жүруі жабайы полиомиелит вирусын, қызылша, пандемия тұмауын және де басқа инфекциялық ауруларды әкелу қаупін туындата бермек. Осыған орай эпидемияға тұрақты жағдайды құру үшін балалар мен жасөспірімдерді қызылша, қызамық, полиомиелитке қарсы қосымша жаппай вакциналау жүргізіледі. Алайда осы жұқпалы ауруларға иммундық қарсылықты күшейтетін екпеге қарсы шығушылықтың зиянды нышандары да байқалып жатыр. Бұл әрине қоғамды ойландыруға тиіс өте өзекті мәселе. Биыл 1 сәуірдегі деректерді алға тартсақ, ел көлемінде 13622 иммундаудан бас тарту тіркеліпті. Бұл бұрынғы жылдардың осы кезеңге дейінгі көрсеткішімен салыстырғанда 5 пайызға ұлғайды деген сөз. Соның әсерінен 12 балада көкжөтел ауруы тіркелген, екпеден бас тартқан ақтөбелік жас жігіт құтырмадан және бір адам сіреспеден дүние салған. Әрбір елде тұрғындарды егуге арналған инфекциялық аурулар тізімі болса, елімізде Ұлттық күнтізбе бойынша 21 жұқпалы ауруға екпе жүргізіліп, вакциналауды қамтуда екпенің 17 түрі республикалық, ал 7 түрі жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Отанымызда тұрғындарды иммундау үшін мемлекеттік тіркеу процедурасынан өткен вакциналар қолданылады. 2013 жылдан бастап елімізге әкелінетін вакцинаның әр партиясында оның сапасы мен кауіпсіздігін бағалау мен міндетті сертификаттау енгізілген. Иммундау жыл сайын миллиондаған өмірді құтқарып қалады, ал көзі ашық сауатты қоғам бұл табысты бекіте түсумен қатар, қолдауы маңызды. Екпеден қашудың тигізер зиянын естен шығармай, қоғам алдындағы жауаптылықты да есте ұстаған жөн.