СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Дәрі-дәрмекті бақылайтын жүйе болуы тиіс
19 сәуір 2018
Дәрі-дәрмекті бақылайтын жүйе болуы тиіс

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда жыл сайын 100 млн адам контрафактілі немесе сапасыз дәрілік өнімдерді пайдаланудың салдарынан өмірімен қош айтысатын көрінеді.

Ал мына жалғанда адам өмірінен қымбат не бар?  Оның үстіне контрафактілі өнімдердің шекара асып, ұлт денсаулығына қатер төндіруімен қатар мемлекетке тигізер қаншама экономикалық зардабы бар. ДСҰ-ның деректеріне тағы да жүгінер болсақ, сапасыз дәрілердің өндіріске түсіретін салмағы 200 млрд долларды құрайды екен. Осы ретте әрбір  мемлекет өзінің басты байлығы – адамдар өміріне кеселді залалды болдырмаудағы нақты қадамдарын жасауда. Мәселен, алысқа бармай-ақ, көрші Ресей жұрты медициналық өнімдерді қадағалау жүйесін енгізуге кірісіп кетті. Түркияда да бұл жүйе жұмыс істегеніне біраз жылдың жүзі болды. Көзі қарақты оқырман біздің мамандардың Түркияға арнайы сапармен барып, Түрік Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің дәрілік заттар және медициналық мақсаттағы бұйымдар агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде   дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру, сондай-ақ фармацевтикалық өнімдерді тасымалдау және сақтауды жаңғырту бойынша тәжірибе алмасып қайтқанынан хабардар  болуы тиіс. Сол жолы біздің мамандар дәрілік заттарды таңбалау және қаптау, көлікпен біріктірілген қаптауды және ITS жүйесі шеңберінде қоймаларға жөнелту процестерімен танысып, жергілікті өндірушілердің өндірістік алаңдарына да барып, жүйе жұмысын көздерімен көріп қайтқан еді. Енді міне, жақын көршіміз Ресей Федерациясы да алдағы 2019 жылдан бастап бақылау жүргізетін жүйені іске қоспақ. Ресейдің дәрі-дәрмек индус­триясына, жалпы дәрілік препараттарды сатуға бақылау жүйесін енгізуі біздің фармацевтика саласы үшін де маңызды. Себебі олар талап ететін тәртіп бойынша штрих-кодталмаған, сериясы, қашан шыққаны, қысқасы барлық дерегі электронды оқылмайтын өнім Ресей жеріне кіргізілмейді. Бұл біздің ел үшін де таңбалау және қаптамаларды сәйкестендіруді пайдаланып, медициналық өнімдерді өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі қадағалаудың автоматтандырылған жүйесін әзірлеу қажеттігін тудыратыны анық. Енді өндіруші препараттың қаптамасына бірегей кодталған «DataMatrix» таңбасын салуы тиіс. Тұтынушы «Халықтық бақылау» мобильді қосымшасының көмегімен препараттардың қозғалу барысын, жарамдылық мерзімі туралы ақпаратты, өндіруші туралы, айналымнан нақты сериясы және ең бастысы, препарат шынайы, дұрыс өнім бе, оның жанама әсерлері туралы біле алатын болады. Осы ретте  медициналық өнімді қада­ға­лау жүйесін құру және енгізу бойын­ша жүргізілген талдау нәтижелерін талқы­лау Денсаулық сақтау вице-министрі Алек­сей Цойдың төрағалық етуімен өткізілді. Кеңеске Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы бас директорының орынбасары Болат Жантуриев, қоғамдық ұйымдардың, салалық қауымдастықтардың өкілдері, сонымен қатар селекторлық режімде аймақтық фармацевтикалық бақылау департаменттері, отандық және шетелдік фармакологиялық өндірушілердің өкілдері қатысты. Жүйені енгізу бойынша жүргі­зілген жұмыс жөнінде ДЗСҰО бас дирек­торының орынбасары Болат Жантуриев әңгімелеп, республикада медициналық өнімді қадағалау жүйесін енгізу  қазақстандықтарды сапалы және қауіпсіз медициналық өнімдермен – дәрілермен және медициналық бұйымдармен – (шприцтер, медициналық қолғаптар, инелер және т.б.) қамтамасыз етуге мониторинг орнатып, бақылау мүмкіндігін беретінін айта келе, ел аумағындағы өндірістен немесе елге сырттан енген өнімдердің дәріханалар арқылы тұтынушыларға өткізу сәтіне дейін немесе денсаулық сақтау ұйымына келіп түскенге дейін оларды қадағалаудың тиімді механизмін құруға мүмкіндік беретінін айтқан. Яғни күмәнді препараттардың жолы кесіледі. «Жүйені енгізу халыққа  сапасыз дәрілік өнімдерден туатын қатерді азайтып, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіпсіздікті арттыруға, және медициналық өнім жүріп өткен жолының барлық сатыларын қадағалаудағы тұтас ауқымды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол өкілетті органдардың мониторинг өткізуіне жол ашып, ақпараттық қолдау құралы қызметін де атқарады, бұл дегеніміз медициналық өнім айналымы саласындағы бақылауды айтарлықтай арттыру, ел экономикасын қолдау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету», деп атап өтті ДЗСҰО бас директорының орынбасары. Расында тексерісі жоқ, Қазақстан аумағында тіркелген-тіркелмегені белгісіз дәрі-дәрмектердің тоқтаусыз сатылып, одан зиян шеккендер саны қанша екенін бір Құдайдың өзі  білетіндей дәрежеде. Интернет мүмкіндігін пайдаланып, анау аурудың емі, мынау аурудың емі, бүгін алсаңыз жеңілдігі бар, бірнешеуін алсаңыз одан да тиімді болады деп  дәрі сатудың оңай әдісін тауып, елдің қалтасын қағатындар да көбейді. Ал 2017 жылы тексерулер барысында 507 әкімшілік бұзушылық анықталып, тіркелмеген және қолдан жасалған дәрілік заттарды, сондай-ақ жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік заттарды өткізу жағдайлары бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,5 млн теңгені құраған. Бұл тексерілгендері, ал барлығы бірдей тексеруден өтіп жатыр деп айта аламыз ба? Жоқ. ДСҰ деректері бойынша сатылатын дәрілік заттардың 10 пайызы контрафактілі болып келеді екен. Контрафактілі өнімді тұтыну жыл сайын 100 мыңнан 1 миллионға дейінгі адамның өліміне себеп болып отыр. Қазақстанда жасанды өнімді анықтау деректері туралы ресми ақпарат жоқ, алайда медициналық өнім айналымы саласындағы өзекті мәселе жеткілікті. Болат Жантуриев жүйені бірнеше сатыда енгізу ұсынылып отырғанын жеткізді. Алғашқысы, 2018-2019 жылдары қанатқақты жобаны өткізу, 2020-2021 жылдары дәрілік заттар өндірушілерінің ерікті қосылуымен медициналық өнімді қадағалау жүйесін іске қосу. Ал үшіншісі, 2023 жылы республикада айналымда жүрген дәрілік заттарды міндетті таңбалауды енгізу. «Цифрландыру дәрілерге, жалпы медициналық өнімдерге енгенде әрбір дәрінің қабында өз штрих коды болады. Сол арқылы дәрінің қай қаладағы, қай дәріханға түскенін, оның пайдалану мерзімінің өткен-өтпегенін біліп отырамыз. Бұл сапасыз немесе мерзімі өткен өнімнің халықтың қолына тимеуіне тосқауыл қояды. Әрине жүйені енгізудің әлеуметтік, экономикалық, заңнамалық тұрғыда мәселелері бар. Бұл үшін әрбір фармацевтикалық кәсіпорын штрих код салатын қондырғы орнатуы тиіс болса, медициналық мекемелер мен дәріханалар арнайы код оқитын сканерлермен жабдықталуы тиіс», дейді вице-министр Алексей Цой. Қазір жұртшылық не нәрсенің де бағасының әр дүкенде әртүрлі болатынына үйренді. Бұл дәрілерге де қатысты. Қатар екі дәріхананың бағасының түрлілігі таңсық болмай қалды. Қысқасы, халықты дәрілермен қамтамасыз етуде түйткілдер жеткілікті. Қашанғы дәрі-дәрмек бағасы құбыла бермек? Отырыстағы әңгіменің негізгі өзегі бақылауда ұсталып, мониторинг жүргізілетін дәрілердің бағаларының аспаннан алынып қойыла сала бермейтіні. Дегенмен, шетелдік тәжірибелер көрсеткендей жүйені орнату көп қаржыны талап етеді. Ал кез келген кәсіпорнының өз шығынын жабуға ұмтылатынын ескерсек дәрі бағасының арзандамайтынын аңғаруға болатындай. Тек көңілге демеуі–қауіпсіздіктің сақталуы, көлеңкелі экономиканың тынысының тарылып, контрафктілі сапасыз өнімдерден құтылатынымыз болып тұр.


Дереккөз: egemen.kz