СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру жобасы басталды
03 сәуір 2018
Қазақстанда денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру жобасы басталды

Елімізде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру жобасы басталды. Бүгінде Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында қанатқақты жоба бойынша медицина мекемелерін ақпараттандыру тәжірибесі жүруде.

Денсаулық сақтау министр­лігінде арнайы Денсаулық сақтауды цифр­ландыру департа­менті құрылып, нақты жұмыс басталса, өңірлерде де аз уақыт ішін­де қыруар шара атқарылған. Облыс­тық денсаулық сақ­тау бас­қар­масының басшысы Қа­нат Төсекбаевтың айтуын­ша, өңір­дің медициналық ұйым­­да­рында «Kazmedinform» ме­ди­циналық ақпараттық жүйе­сі, қаланың 6 емханасында электронды кезекті басқару жүйе­сі, жедел медициналық жәрдемді басқарудың «АДИС» авто­мат­тандырылған жүйесі ен­гізілген. Дәрігерге – смартфонмен Бүгінде Оралда дәрігердің қа­был­­дауына қалтаңыздағы смарт­фон арқылы жазылуға болады. Бұл үшін k-vrachu.kz мобильді қо­сым­шасын PlayMarket, App Store «дүкендері» арқылы Android,­ iOS операциялық жүйе­сінде жұмыс істейтін мобильді құ­ры­лғыларға тегін жүктеп алу керек. 2017 жылдың қараша айында бас­талған бұл мобильді қосы­мшаны бүгінге дейін 1742 адам пайдаланыпты. Мобильді қосымшаның мүм­­кін­дігі көп: бұл арқылы дәрі­гер­­дің жұмыс кестесімен та­ны­­су­ға, тұрғылықты жері бо­йын­ша тір­келген учаскені анық­тауға, дә­рігер карточкасын қа­рау­ға, об­лыстың медициналық ұйым­дарын қарауға және оны картада табуға, дәрігердің қабылдауына жазылуға және қажет болған жағ­дайда жазылуды өзгертуге болады. Қосымшада сондай-ақ Push хабарламалар және дәрігерге бару жөнінде ескерту функциялары бар. Дәрігердің қабылдауына жа­зы­луға арналған k-vrachu.kz веб-пор­­талын бүгінде 5344 адам пай­даланған. Бұл веб-портал арқылы тұтынушы тіркелген учаскені іздеп табады, дәрігердің (жалпы тәжірибелік дәрігер) қызмет көрсететін ауданын көреді, дә­рігер қабылдауына онлайн түрде жазылады, дәрігердің кестесін, оның біліктілігін көре алады, тіп­ті дәрігерге өз бағасын бере алады. Облыста биылғы қаңтар-ақ­пан айларында алдын ала жазылу бо­йынша 319652 пациентке қызмет көрсетіліпті. Бұлардың ішінде 588 пациент дәрігердің қабылдауына мо­бильді қосымша ар­қылы жазылған. Қағаз толтыру қалып барады Өңірде емханалар бойынша қа­зірдің өзінде 644170 электронды амбулаторлық карта қалыптасты. Медициналық-сани­тарлық алғашқы көмек ұйым­дарында кезекті азайту үшін Орал қаласының барлық емханаларында «Электронды табло» электронды кезекті басқару бағдарламасы енгізілді. Қаланың алты емханасында және «Деркөл» дәрігерлік амбу­латориясында «Казмединформ» медициналық ақпараттық жүйесімен интегра­цияландырылған электронды­ кезекті басқару жүйесі (ЭКБЖ) ен­гізілді. 2018 жылдың 1 қаңта­рынан бастап осы бағдарлама ар­қылы 188 403 пациентке қызмет көр­сетілді. Қазірдің өзінде Оралдағы 6 ем­хананың бесеуі медициналық құ­жаттаманы қағазсыз жүргізуге көшті. «Денсаулық сақтау ұйым­­дарында медициналық құ­жат­таманы қағазсыз жүргізуге көшу жөніндегі қанатқақты жобаны енгізу туралы» министрдің бұй­рығына орай облыста қа­ғаз­сыз құжаттама жүргізуге кө­шкен мекеме саны 54-ке жет­­ті. Оның ішінде облыстық те­рі-венерологиялық диспансер, облыстық психикалық ден­саулық орталығы, облыстық кли­никалық аурухана, облыстық нар­кологиялық диспансер, об­лыс­тық онкологиялық диспансер, облыстық кардиологиялық ор­талық, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, Зеленов, Қаратөбе, Тасқала, Теректі аудан­­­­дық орталық ауруханалары, «Орал» об­лыстық тубер­кулезге қарсы ауруханасы, «Ивушка» балалар туберкулезге қарсы ши­пажайы, «Қарағайлы» туберу­лезге қарсы шипажайы бар. Осы жүйенің арқасында стацио­нар дәрігері медициналық-са­ни­тарлық алғашқы көмек көр­се­тетін ұйымдардың барлық жазбаларын көре алады. Ал дәрігер бұл жүйеге электронды-цифрлы қол­таңба арқылы авторизацияланады. Әр минуттың қадірі Аталған өзгерістер нақты қан­дай нәтиже береді? Әрине ой­ға алған мақсатқа бірден же­ту қиын. Кейде қателіктер де кездеседі. Бірақ салаға ақ­па­раттық технологияның соң­ғы жа­ңалықтарын енгізу күн тәр­тібіндегі мәселе екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Мысалы, денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру шеңберінде облыстық жедел медициналық жәрдем қызметі онлайн режімде жұмыс істеуі үшін ситуациялық орталық орнатылып, жедел медициналық жәрдемді басқарудың авто­мат­тандырылған жүйе­сі жаң­ғыр­тылды. – Бұл бізге науқасқа жету уа­қытын 12 минуттан 9 минутқа дейін қыс­қартуға, сонымен бірге диспетчерлік қызметке келіп түскен шақыртуды өңдеу уа­қытын 5 минуттан 3-4 минут­қа дейін қысқартуға мүмкіндік бер­ді. Ауруханаға дейін қайтыс болу жағ­дайы 0,8 промилиден 0,4 промилиге дейін төмендеді. Қа­лалық жедел жәрдем стансасы 24 дана мобильді АРМ (планшеттермен) жарақталып, 100% қамтылды. Облыстағы барлық 138 санитарлық автокөлік GPS-мони­то­рингке қосылды, – дейді Қанат Төсекбаев. Жыл басынан бері жаңа бағдарлама бойынша 16918 ша­қыртуға қызмет көрсетілген. Жа­­ңа жүйе облыс бойынша жедел медициналық жәрдем бри­га­даларының геолокациясын көріп отыруға мүмкіндік береді. Дис­петчер шақырту туралы ақ­паратты (ша­қыртудың себебі, па­циент­тің аты-жөні, мекенжайы) оқиға орнына ең тез жететін бригаданың планшетіне жібереді. Жабдық және интернет Медициналық зертханалық-диаг­нос­тикалық жабдықтарды медици­налық ақпараттық жүйе­лерге интеграциялау жұмысы өңір­де қызу жүріп жатыр. Облыс бойынша зертханалық-диаг­ностикалық жабдықтардың жал­пы саны 760 дана болса, ақ­параттық жүйеге 70-і қосылды, ен­ді 29 жабдық әзір тұр. Инфрақұрылымдық индикаторлар бойынша бүгінгі таңда медициналық ұйымдар 4477 ком­пьютермен жарақ­талған. Өңір­де 2016 жылы 1064 дана (152,3 млн теңге), 2017 жылы 656­ дана компьютерлік техника сатып алын­ды. Жаңа техника алу жергілікті бюджет қара­жаты (162,5 млн теңге) және ме­дициналық ұйымдардың өз қа­ражаты есебінен жүргізілді. Бү­гінде облыстың медициналық ұйым­дарының компьютерлік техникамен жарақталуы 100%-ды құрайды. Облыста 394 медициналық нысан­ның ішінде жалпы саны 120 нысан – шекара маңын­дағы шалғай аудан­дардың меди­циналық пунктері, фельдшерлік-акушерлік пунктер интернет желі­сіне қосылмаған. Бұл барлық нысанның 30%-ы екен. Әрине көп. Қазіргі кезде «Қазақтелеком» АҚ облыстағы 91 ұйымды кең жол­ақты интернет желісіне қо­су бойынша жұмыс бастады. Бұл жоспар жүзеге асқанда меди­циналық ақпараттық жүйелермен үздіксіз жұмыс істеу мүмкіндігі туады. Сонымен қатар облыста са­палы интернет байланысымен қамтуды 100%-ға жеткізу үшін «Қазақтелеком», «Astel» АҚ кең жолақты интернетке және спутниктік байланыс арқы­лы қосылу жұмыстарын жал­ғас­тыруда. Медициналық ақпараттық жүйе­лермен жұмыс оффлайн түрде де (СД-дискілер, флэш карталар арқылы жа­зып алу) жүзеге асырылып жатыр. Қандай нәтиже күтеміз? – Өңірдегі емханаларды, жалпы об­лыстың денсаулық сақтау саласын ақпараттандырудан кү­тетін нәтиже көп, – дейді Қ.Тө­сек­баев. – Мысалы, медици­налық құжаттаманы жүргізуге жұм­салатын еңбек шығыны 63,40%-ға азаяды, карталардан үзін­­ді-көшірме беруге жұмса­латын қаржы шығындары 63,40%-ға төмендейді. Зерт­ха­налық зерттеулерге кететін шы­ғын 22,40%-ға, дәрілік пре­параттарға жұмсалатын шығын 15%-ға, радиологиялық зерт­­­теу­лер шығыны 14%-ға үнем­деледі. Стационар бойынша ме­ди­­циналық құжаттаманы жүр­­гізуге жұм­салатын еңбек шығыны 70%-ға төмендеп, медициналық құжаттаманы жүр­гізуге жұмсалатын қаржы шы­ғыны 70%-ға азаяды. Зерт­ханалық зерттеу­лер шығыны – 11,80%, дәрілік препараттарға жұмсалатын шығын 15%-ға азайыпты. «Науқасты емдеуге жатқызу мерзімі қысқаруынан орта есеппен 30% пайда болды», дейді сала басшысы. Осы жұ­мыстар нәтижесінде 2018 жыл­дың қаңтар-ақпан айларында жалпы есеппен 485 млн теңге қаржы үнемделген. Өңірдегі денсаулық сақтау саласы 2018 жылдың бірінші жартыжыл­дығында қағазсыз ауру­ха­наға толық көшетінін мә­лім­деп отыр. Сондай-ақ ауруларды басқару бағдарламасы биыл толық цифрландырылмақ. Бұған қоса халық арасында ақпараттық-түсін­діру жұмыстарын барынша жандандырып, порталды пайдаланушылардың санын ұл­ғайту жоспарда тұр.

Дереккөз: egemen.kz