СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Цифрландыру медицинаны өрге сүйрейді
04 сәуір 2018
Цифрландыру медицинаны өрге сүйрейді

Төрткүл дүниеге тарап келе жатқан Төртінші өнеркәсіптік революция адамзаттың денсаулығы мен белсенді өмірін, ұзақ өмір сүру мүмкіндіктерін қамтамасыз ететініне күмән жоқ. Соңғы уақытта биологиялық салада, әсіресе, генетика ғылымындағы инновациялар таңғалдырады. Келешекте генді түзеу сияқты адам ақылы әлі жете қоймаған соны жаңалықтар жүзеге асуы ықтимал. Өйткені көптеген шешімін таппаған медициналық мәселелердің генетикалық сипаты болғандықтан да күрделі күйінде қалып келеді. Сондықтан бұл саладағы бетбұрыс денсаулық сақтау жүйесін жаңа белестерге бастамақ.

Осы орайда «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасы аясында отан­дық медицинаға жоғары технологиялы компьютерлік құрыл­ғылар мен 3D принтинг іс­петті жаңа құралдарды енгізумен бірге, шетелдегі озық емдеу орта­лық­тарынан үздік дәрігерлер, білік­ті мамандардың елімізге арнайы шақыртумен келіп, шебер­лік сағаттарын өткізуі, һәм тәжіри­бе алмасуы өте өзекті. Бұл ретте Елбасы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында денсаулық саласына ерекше тоқталып: «Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге кірісуіміз керек» деген еді. Мемлекет басшысы жүктеген тапсырманы орындауға, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын енгізуге Шығыс Қазақстан облысы да кірісті деуге болады. 26 наурызда Өскеменде алғаш рет роботталған жүйе­нің кө­ме­гімен операция жасалды. Облыс орта­лы­ғындағы №1 қа­ла­лық ауруха­на­ның робот­тан­ды­рылған хирургия және транспланта­ция орталығында Өске­мен­нің 50 жас­тағы тұрғынының өт жолына жасал­ған операция Ита­лия­­дағы Габ­риэле д’Аннунцио уни­вер­­сите­ті клиникасының профес­­соры, Милан­дағы «ТransEn­terix» фир­масы­ның хирург ке­ңес­шісі Сте­фано Джидароның бас­шылығымен жүр­гізілді. Соңғы 8 жылдан бері Еуропада роботтандырылған жүйенің көмегімен операция жасап жүрген білікті маман Қазақстандағы алғашқы опера­ция­сынан соң журналистерге арнайы сұхбат беріп, әсерімен бөлісті. «Мұн­дай операцияны жүргізу үшін дәрі­герлер мен асссистентер білікті болуы керек. Командалық жұмыстың маңы­зы зор. Бүгін операцияға қатыс­қан қазақстандық әріптестеріме, меди­циналық қызметкерлерге алғысымды білдіремін. Сонымен қатар операциялық залдардың жабдықталуы өте жоғары деңгейде екенін ерекше атап өткім келеді. Осындай тамаша қолайлы жағ­дайлар мен білікті мамандардың көме­гімен ота сәтті аяқталды. Сіздердің дәрігерлеріңіздің дайындығына өте жоғары баға берер едім. Олар бүгін менің және роботталған жүйенің кө­мегімен ота жасаса, келесі жолы мен көмекші болам, барлығын өздері жасайды», деді шетелдік дәрігер. Операцияға Италиядан келген маманмен бірге өскемендік дәрігерлер де қатысты. Соның бірі – Өскемендегі №1 қалалық аурухананың хирургы Нартай Тұраханов. «Бүгін – біз үшін тарихи ерекше күн. Мұндай операция Қазақстанда ғана емес, ТМД елдері ішінде Өскеменде алғаш рет жасалды деуге болады. Мен бұл операцияға асссистент ретінде қатыстым. Операция сәтті өткен секілді. Былтыр біздің аурухананың төрт дәрігері Еуропаға барып, роботталған құрылғы көмегімен операция жасаудың қыр-сырын меңгеріп қайттық. Германияда, Италияда болдық. Робот көмегімен жасалатын операцияларды көзімізбен көріп қана қоймай, өзіміз де операция жасауға қатыстық» деген ол осындағы орталықта мұндай операцияны енді өздері де жасай алатынын жеткізді. «Шығыс Қазақстанның дәрігерлерімен бірге өзім де Италияға барып, роботтандырылған хирургияны оқып келдім. Біз барған клиникада бір жылда 150 ота жасалған екен. Заманауи технологияның елімізге, оның ішінде шығыстағы емханаларға енгізіліп жатқанына қуаныштымын», дейді Алматы қаласындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының асқазан, өңеш және ішек жолдары бөлімінің меңгерушісі Әділ Адайұлы. Роботталған жүйенің көмегімен жасалатын операцияның ерекшелігі неде? Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың айтуынша, робот көмегімен жасалатын операция асқан дәлдігімен, жарақаттың аздығымен және науқастың тез арада оңалуымен ерекшеленеді. Мәселен, өтінен тас алынып тасталған өскемендік тұрғын екі-үш күннен кейін емханадан шығуға мүмкіндігі бар. Қазір облыста өңірдің дәрігерлерін шетелде оқытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Былтыр роботтандырылған жүйемен операция жасауды меңгеру үшін Өскемендегі №1 қалалық аурухананың төрт дәрігері Миланға екі апталық оқуға барып келген болатын. Облыс әкімі Даниал Ахметов жақында шығыста еліміздегі тұңғыш гибридті операциялық зал ашылатынын, аймақ дәрігерлерін шетелде оқыту жұмыстары жалғасын табатынын, биыл тағы да екі дәрігер шет елге барып оқитынын жеткізді.


Дереккөз: egemen.kz