СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Отандық фармацевтика саласында мәселе көп
21 ақпан 2018
Отандық фармацевтика саласында мәселе көп

Өзіміздің өндірушілерді қолдаудан бастап, дәрі-дәрмектің сапасы, оның бағасы, жеңілдікпен берілетін дәрілердің тұтынушыларға жеткізілуі – бәрі проблемаға айналғалы қашан. Өткенде Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Елбасы осы салаға сын айтып, елімізде фармацевтикалық жобалармен келген инвесторларға жол ашу арқылы дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді тапсырды.

Фармацевтика – қару-жарақ сатудан кейінгі ең табысты бизнес. Қашанда жоғары сұранысқа ие сала болғандықтан оған әркімнің де таласы бар. Тіпті бизнесі одан әрі өркен­деуі үшін дерттің шын дауасын жасырып, ауруды уақытша басатын дәрілерге деген халықтың сұранысын арттырып отыру – осы бизнестің көлеңкелі тұстарының бірі. Дегенмен де дәрі-дәрмек – тікелей денсаулыққа қатысты мәселе. Сондықтан ауру мең­деп, жаныңды қоярға жер таппа­ған сәтте дәрінің сапасына да, бағасына да қарауға мұршаң болмай, сатып алуға мәжбүрсің.  Бүгінде елімізде дәрілік заттар­дың 7690 атауы тіркелген екен. Ал­дың­ғы жылы Қазақстанның фар­ма­цев­тикалық нарығы 458 млрд теңге­ден асса, стационарлық және амбу­латорлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалған мемлекет шығыны шамамен 181 млрд теңгені құраған. Жалпы, тәуелсіздік алған жылдар­дан бері Қазақстанның фармацев­тикалық нарығы әжептәуір өскені бай­қалады. Бүгінде отандық 80 кәсіп­орын 11 мың тоннадан аса дәрі­лік заттар мен жылына 42,4 млрд теңге­нің медициналық бұйымдарын өнді­реді. Бұл – 1997 жылмен салыс­тыр­ғанда 37 есе көп көрсеткіш. Негі­зі­нен фармөнімдерін шығаратын өндірушілердің көпшілігі Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласында орналасқан. Бұлар отандық фармацевтика саласын­дағы өнімдердің 90 пайызын қамтып отыр. Дегенмен де Қазақстанға сырттан келетін дәрілер көп. Мысалы, Еура­зиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің ішінде Қазақ­стан фармацевтикалық препараттарды ең көп импорттайтын ел болып отыр, яғни еліміздің нарығын­дағы фарм­өнімдер импортының үлесі 88 пайызды құрайды. Негізі Дүние­­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының ұсынымы бойынша, әрбір елде отандық өнімдердің үлесі кемі 25 пайыз болуы тиіс, әйтпесе, био және фармакологиялық терроризм қаупі төнуі ықтимал. Сондықтан ішкі сұра­нысты отандық өндірушілер есебінен қамтамасыз ету – маңызды мәселе.  Қазір әлем елдерінде есепсіз шы­ға­рылып, басқа мемлекеттерге экс­портталып жатқан дәрілердің құра­мы көбіне өсімдіктерден немесе жануарлардан алынады. Сарап­шылардың айтуынша, бүгінде өзі­міз шетелден қымбатқа сатып алып жатқан дәрі-дәрмектердің 90 пайы­зы­­ның шикізаты Қазақстанда бар көріне­ді. Демек, қалауын дұрыс тапса, еліміздің өзін-өзі толық­­қан­ды қамтып қана қоймай, сырт­қа да дәрілерді экс­порт­тауға қау­қары жетеді.  Ол үшін отандық өндіру­шілерге қол­дау көрсетіп, ішкі бә­секелестікті туғызу қажет. Ден­сау­лық сақтау министрлігінің мәліметі бо­йынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен отандық өндірушілер мен фармацевтика өнеркәсібін қолдау жөнінен қосымша шаралар жүзеге асы­рыл­ған. Былтыр отан­­дық тауар өн­дірушілермен 873 атауды (дәрі-дәр­мектер – 525 және меди­цина­лық мақ­сат­тағы бұйымдар – 348) жет­кізу­ге ұзақ мерзімді 25 келі­сім жасалыпты. Қазақстанның фармацевтика саласының алдында тұрған басты мәселе – отандық дәрілердің үлесін арттырып қана қоймай, оның сапасын да жіті бақылау. Қазір шетелдік дәрілердің қазақ­стан­дық түрлері де көптеп кез­деседі. Бірақ дәрігерлер өз пациенттеріне отандық өнімді емес, шетелдік дәрілерді ұсын­ған­ды жөн көреді. Бұл бекерден-бекер емес.  Өткенде әлеуметтік желіде бір дәрігер «Дәрілер тендермен келеді, ал тендер дегеніміз – ең арзан дәрі, демек, сапасыз деген сөз. Дәрігер тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрі­лер­мен ғана емес, сол тізім­нен тыс дәрілермен де емдеуге науқасты үгіттей алады. Әдет­те олар – фирмалық сапа­лы дәрілер. Өйткені дәрігер қол­да бар дәрілердің сапасына көңілі толмай, пациентін түп­нұс­қалы дәрілермен емдегісі ке­леді. Ауруханада бәрі тегін жә­не жақсы дәрімен ғана емдейді деген ойдан аулақ болыңыз», деп жазыпты. Ақ халатты жан­ның бұл сөзінде үлкен ойдың жат­қаны анық. Бір ғана мысал, бүгінде отандық «Химфарм» АҚ буыр мен өт жолдары ауруларын емдейтін «Урсодекс» деген дәріні өндіріп шығарды. Ал оған дейін бұл дәрінің «Урсафальк», «Урсасан» деген шетелдік аналогтары шығып қойған. Отандық дәрі шетелдік нұсқасынан арзандау. Соған қарамастан дәрігерлер науқастарға шетелдік дәріні жазып береді. Себебін сұрасаң, «шетелдік фармкоманиялар өндіретін дәрілердің сапасы жақсы әрі тиімді» деген уәжін алға тартады. Дәл осындай мысалды қарапайым «Мукалтин» дәрісінен де көруге болады. Баяғы сол Украина мен Ресейден шығатын «мукалтин» отандық өнімнен әлдеқайда тиімді.  Сондықтан отандық фарма­цев­тика саласын оңалту үшін дәрі-дәрмектердің сапасын да естен шығармаған аб­зал. Қазақстанның дәрі-дәр­мек жағынан тәуелсіз мемлекет болуға мүмкіндігі жетеді. Қазір­дің өзінде осы төңіректе бір­қатар жұмыстар қолға алынды. «Денсаулық» мемлекеттік бағ­дарламасының төртінші ма­ңызды бағыты да осы – дә­рі­лік қамтамасыз етудің ұлт­тық саясатын жүзеге асыру. Он­да дәрі-дәрмектердің баға­сын кезең-кезеңмен реттеу, тіркеу рәсімдерін өзгерту, бар­лық дәрі-дәрмекті таңбалау мен қадағалаудың электронды жүйе­сін енгізуді қарастыратын заң жобасы әзірленгені айтыл­ған. Әрі дәрілердің қауіп­сіздігі мен сапасын тексере отырып, бар­лық сатып алуды ашық түрде өт­­кізу мәселесі де жан-жақты қа­­рас­тырылып жатыр. Бұл мә­се­лелердің бәрі толыққанды жү­зе­ге асырылса, отандық фар­ма­цев­тиканың да аяқ алысы жаман болмасы анық.


Дереккөз: