Қазақстан жаңалықтары
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы дәстүрлі Жолдауында әдеттегідей медицина саласының алдында тұрған негізгі міндеттерді де атап өтті. Құжатта айтылғандай, ел медицинасы саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейтуі керек. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға басты көңіл бөлуі керектігіне де Мемлекет басшысы ерекше екпін түсірді.
Шынымен де, қазір бүкіл дүние жүзінің денсаулық сақтау саласы ауырып ем іздеуден гөрі ауырмаудың жолын қарастыра бастады. Аурудың 80-85 пайызы – адамның тамақтану мәдениеті мен саламатты өмір салтына байланысты, қалған 15-20 пайызы ғана дәрігерлердің қолында екені баяғыда дәлелденген. Бұл дегеніңіз, кез келген сырқатты болдырмаудың жолдарын іздестіру, ауруды алғашқы сатысында анықтап, асқындырмауға күш салу деген сөз. Елімізде де осы бағытта көптеген шаруа қолға алынған. Мысалы халықты скринингтік медициналық тексерулерден өткізу, онкологиялық ауруларды бастапқы кезеңінде анықтауға арналған заманауи технологияларды енгізудің бәрі соның дәлелі. Тұрғындардың денсаулығын нығайтуға бағытталған мұндай шаралардың арқасында өмір сүру ұзақтығы былтырғы көрсеткіш бойынша 4,5 жылға өсіп, 72,5 пайызды құрады. Бала туу көрсеткіші де бір жарым есеге артып, халықтың саны 18 миллионнан асты. Қазақстанда 2016 жылдан бері Президенттің Жарлығымен «Денсаулық» бағдарламасы бекітіліп, жұмыс істей бастағаны белгілі. 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламалық құжат ел тұрғындарының денсаулығын сақтаудың тиімді әрі орнықты жүйесін дамытуды көздейді. Денсаулық саласын жақсартуға арналған құжаттың алғашқы бағыты – қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту. Бұл дегеніңіз, халықтың санасына денсаулықтың қадірін ұғынуды сіңіріп, аурулардың алдын алуға айрықша көңіл бөлу. Халықаралық үздік тәжірибелерге сүйенсек, медицинаны дамытудың басты жолы – қоғамдық денсаулық қызметін қалыптастыру. Яғни санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық, ветеринарлық қызмет мекемелерімен бірлесе отырып, халықтың денсаулық туралы ұғымын сауаттандыру, тиісті кеңестер беру, саламатты өмір салтын насихаттау және осындай жүйелі жұмыстар негізінде елдің денсаулығын нығайту. Міне осы мәселелер тиісті деңгейде жүзеге асса, Жолдау жүктеген міндеттерді де жүзеге асырған болар едік. Мемлекет басшысы сондай-ақ ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильді цифрлы қосымшаларды қолдану, электронды денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру, медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау мәселесіне де айрықша тоқталды. Меніңше, бұл әр медициналық мекеменің басты міндеті болуы тиіс. Мысалы біздің республикалық ардагерлер госпиталінде 70 орындық аурухана және ардагерлерге 16 медициналық мамандық түрі бойынша қызмет көрсететін емхана жұмыс істейді. Біз халықтың денсаулығын түзейтін мекеме ретінде өз тәжірибемізге Елбасы айтқан заманауи технологияларды енгізуді, пациенттерімізге саламатты өмір салтын сақтау бойынша кеңестер жүргізуді өзіміздің басты парызымыз санаймыз.