Қазақстан жаңалықтары
Екпенің мұндай түрі 2020 жылдан бастап екпе кестесіне қосылады.
2020 жылдан бастап екпе кестесіне 9 бен 14 жас аралығындағы қыздарға арналған жатыр мойнының қатерлі ісігінің алдын алу екпесін салдыру міндетті болады, алайда екпенің бұл түрі ата-ананың рұқсатымен салынады. Бұл туралы онкологтар Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлады "Хабар 24".
Ал 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер үшін скринингтік тексерістер жалғасады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2019 жылды жатыр мойнының қатерлі ісігіне қарсы күрес жылы деп жарияланған. Қазақстан да бұл бастаманы қолдап отыр.
"2018 жылы елімізде онкологиялық дертпен күрес жөнінде кешенді бағдарлама жасалып, оны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан 35 млрд теңге бөлінді. Осы сомаға аймақтарда жаңа құрал-жабдықтар сатып алынып, компьютерлік томографтар, МРТ аппараттары орнатылады. Шалғай өңірлерде жетіспейтін сәулемен емдеу терапиясына қажетті бөлімдер ашылады. Папиллома вирусын анықтайтын кабинеттер іске қосылады. Ол үшін үкіметтен қосымша қаржы бөлініп отыр. Бағдарлама аясында отандық ғылымды дамытуға да қаржы қарастырылған", - деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, м.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі Диляра Қайдарова.
Мамандар елімізде соңғы уақытта бұл дерттің жасара түскенін айтады. Республикамыздағы әрбір бесінші әйел қатерлі ісікке шалдыққан. Енді елімізде папиллома вирусына қарсы екпе мектеп жасындағы қыздарға салынып, 2020 жылдан бастап біртіндеп қолданысқа енгізілетін болады.
"Ең жиі кездесетін Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қостанай. Осы аудандарда, облыстарда жатыр мойының қатерлі ісігі өте жиі кездеседі. Әйелдер дер кезінде дәрігерге барса, қаралса, цитологиялық зерттеуден өтсе, біз ісік алды ауруларын дер кезінде анықтаймыз, олардың жатыр мойнын емдеп жібереміз әрі қарай олар бала көтеруге де, босануға да болады, сондықтан ешқандай қорқыныш жоқ", - деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкогинеколог дәрігері Толқын Садықова.