СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Мектеп медицинасы денсаулық сақтау мекемелерінің қарамағына өтеді
10 қантар 2017
Мектеп медицинасы денсаулық сақтау мекемелерінің қарамағына өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектеп медицинасы денсаулық сақтау мекемелерінің қарамағына өтеді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру маңызды мәселелердің қатарында. Сондықтан жастар арасында нашақорлықты, ВИЧ індетін және суицидті азайту бойынша шаралар қолға алынуда. 2016 жылы алғаш тіркелген азаматтардың ішінде жастардың үлесі 2015 жылмен салыстырғанда ВИЧ індеті бойынша 1,5 пайызға, суицидтен 10,2 пайызға кеміді. Биыл осы жұмысты одан ары жалғастыру мақсатында, Бақытжан Әбдірұлы (ҚР Премьер-Министрі Сағынтаев), сіздің тапсырмаңызға сәйкес біріншіден, мектеп медицинасын денсаулық сақтау саласына өткізуді қарастырып отырмыз», - деді министр. Оның айтуынша, биылғы жылы мектептердегі 2,7 млн. оқушыларға медициналық көмек көрсететін 6226 медпункт жергілікті медицина мекемелерінің құрамына енетін болады. «Бүгінгі жастардың денсаулығын сақтау үшін осындай шараларды қолдану болашақта саламатты еңбек ресурстарын қамтамасыз етудің алғышарты болмақ. Екіншіден, жергілікті медицина мекемелеріне қарасты жастарға арналған 97 денсаулық сақтау орталығы түгел түгендеуен өткізіліп, медициналық көмек стандарттары қайта қаралмақ, - деді ол. Дүйсенованың сөзіне қарағанда, үшіншіден еріктілер, студенттік ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстарына кеңінен тартылатын болады. «Көтерілген проблемаларды орындау және қадағалау мақсатында ағымдағы жылдың 15 ақпанына дейін облыс Астана, Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, облыстардың жұмыспен қамту бойынша кешенді жоспарларын бекітпекпіз. 20 ақпанға дейін облыстар Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, ауыл әкімдерінің жұмыс орнының ақпараттық жүйесін кезең-кезеңімен енгізу кестесі жасалып, соған сәйкес жұмыс жүргізбекші болып отырмыз. Азаматтарды, соның ішінде жастарды жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі облыс, Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің негізгі индикаторы болып, тоқсан сайын Үкімет отырысының қарауына шығаруды ұсынамыз», - деді Дүйсенова.



Дереккөз: Қазақпарат