СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Үкімет медициналық сақтандыру туралы заң жобасына түзетулерді мақұлдады
21 ақпан 2017
Үкімет медициналық сақтандыру туралы заң жобасына түзетулерді мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Үкіметі отырысында  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң жобасына түзетулер мақұлданды. Заң жобасын еліміздің Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Біртановтың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша заң жобасында бөлінген сома мен жарналарды есептеу нысандары мен мөлшерлемесін өзгертуге қатысты түзетулер енгізу ұсынылған. Сонымен қатар, жарналар төлемін мемлекет жүзеге асыратын жаңа тұлғалар санаттарын, жаңа төлеушілер санаттарын енгізу ұсынылады, сонымен қатар МӘМС және КТМКК жүйесінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру және дәрі-дәрмекпен қамту қорының жұмысын ұйымдастыру мәселелері реттеледі. Заң жобасында қорды МӘМС жүйесінде, сонымен қатар КТМКК аясында бірыңғай төлеуші ретінде айқындау көзделеді. Осыған байланысты «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстен КТМКК көрсету бойынша қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру және КТМКК көрсету бойынша фармацевтикалық қызметтер функцияларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың мемлекеттік денсаулық сақтауды басқару бойынша жергілікті органдарының құзыретінен алып тастау қарастырылған.  Сонымен қатар, қордың қаржылық тұрақтылығын және оның активтерінің сақталуын күшейту мақсатындағы түзетулер де көзделіп отыр. «Жалпы, заң жобасында денсаулық сақтау жүйесінің, оның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін негізгі жайттар қамтылған. Заң жобасының жүзеге асырылуының арқасында республикалық бюджет шығындары қысқарады», - деді Біртанов. Үкімет мүшелері заң жобасын бірауыздан қолдады.



Дереккөз: Қазақпарат