СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Астана емханалары ұзартылған жұмыс күніне көшуі мүмкін
24 ақпан 2017
Астана емханалары ұзартылған жұмыс күніне көшуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев бірқатар денсаулық сақтау нысанын аралады.  Олар Өндіріс тұрғын алабындағы «Сенім» отбасылық-дәрігерлік амбулаториясында болды. Кездесу барысында дәрігерлер күнделікті жұмыстары, пациенттердің денсаулығы және медициналық қызметтерді ұсынудың жаңа жолдары туралы баяндады. Қала әкімдігінен мәлім еткендей, кездесу барысында дәрігерлер сондай-ақ  2016-2019 жылдарға арналған ҚР «Денсаулық»  мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету бағыттары бойынша ой бөлісті.   Қазіргі кезде «Сенім» медициналық орталығы 13 785 адамға, соның ішінде 3 985 балаға қызмет көрсетеді. Штаттық кестеде 6 дәрігер, 18 медицина қызметкері бекітілген. Бүгінде  орталық қызметкерлері пациенттер туралы жазбаларды қағаз және электронды түрде жүргізуде. Денсаулық сақтау министрі қағазбастылықты азайту мақсатында денсаулық сақтау саласына интероперабельді және ақпараттандыру тұғырнамасын енгізу қажеттілігін ескертті, сондай-ақ біртіндеп әр азаматқа электронды денсаулық төлқұжатын енгізу бойынша өз пікірін білдірді. Әсет Исекешевтің айтуынша, мәселені шешу үшін пациенттің бірыңғай электронды медициналық картасын енгізу бойынша жоба пилоттық режімде пысықталуда. Алдағы уақытта бұл жүйе Астананың барлық емханаларында енгізілмек. Сонымен қатар, ведомство басшысы мен қала әкімі № 5 және №10 қалалық емханаға, орталық жол ауруханасына ат басын тіреді. Кездесу барысында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту бойынша ұсыныстар талқыланды. Атап айтқанда, медициналық көмекке барынша қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін «шағын габаритті» БМСК ұйымдарын кеңейту, олардың жұмыс кестесін өзгерту, сall-орталықтардың жұмысы арқылы ақпаратты қолжетімді ету керек.



Дереккөз: Қазақпарат