Қазақстан жаңалықтары
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстан Республикасындағы Балалар онкологиясы мен гемотологиясы қызметін жетілдіру жол картасын бекітті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Жол картасы онкологиялық және гемотологиялық аурулармен сырқаттанған балаларға көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыруға негізделген бірқатар іс-шараларды қарастырады. Жол картасы аясында заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, диагностикалау мен емдеу сапасын арттыру мақсатында медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, гемопоэтикалық бағаналық жасушаны транспланттауды дамыту, кадрлық әлеует деңгейін арттыру жоспарланған. Сонымен қатар, онкологиялық ауруларды ерте анықтау, қатерлі ісік ауруларын емдеу мен оңалтудың заманауи технологиялары бойынша тұрғындардың хабардарлығы мен сауаттылығын арттыру шаралары қарастырылған. «Жол картасын іске асыру ісіктің бірқатар түрлері бойынша онкологиялық аурулармен сырқаттанған балалардың тірі қалу мүмкіндігін 80-90%-ға ұлғайтуға, қатерлі ісікті I-II кезеңде диагностикалауды 50-60%-ға арттыруға, медициналық-әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды, қатерлі ісікпен сырқаттанған балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Эльмира Ахметова. Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың 1 ақпанында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен балалар онкологиясы мен гематологиясы сұрақтары бойынша аталған саладағы мәселелерді талқылау мен оның шешу жолдарының ортақ іс-әрекеттер жоспарын әзірлеу мақсатында балалардың ата-аналары және ҮЕҰ белсенділерімен кездесу өткен болатын.