СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Біртановтың денсаулық сақтауды дамытуға бағытталған бес бастамасы
03 наурыз 2017
Біртановтың денсаулық сақтауды дамытуға бағытталған бес бастамасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздің денсаулық сақтау саласын әрі қарай жаңғырту мақсатында бес бастама көтерді. Бұл туралы министр ведомствоның алқа отырысында мəлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министр айтқан бірінші бастама - денсаулық сақтау жүйесін пациенттердің мүддесіне қарай интеграциялау. Бұл - алғашқы сауықтырушы бөліктен бастап, барлық кезеңдерді қамтитын медициналық көмек көрсетудің біріктірілген жүйесін енгізуді қарастырады. Екінші бастама - ЭЫДҰ ұсыныстарына сай стандарттарды сәйкестендіру. Бұл шаралар аясында жеке медицинаны дамытудағы кедергілерді жою, мемлекеттік функцияларды тәуелсіз кәсіби ортаға беру, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың бағасын реттеу жоспарланған. «Үшінші бастама бағытында денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық және кадрлық саясатты қайта қарау шаралары қарастырылған. Жеке және шетелдік инвестициялар тарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға, ғылым мен медициналық білімді жетілдіруге мән берілмек»,-деді Елжан Біртанов. Ал, төртінші бастама ретінде нәтижеге негізделген қаржыландырудың оңтайлы жүйесін қалыптастыру міндеті қойылып отыр. «Бесінші бастама - пациентке есеп беретін және транспаренттілікті қарастыратын жүйені басқару. Осыған байланысты медициналық мекемелерге шаруашылық жүргізу құқын бере отырып, корпоративті басқару жүйесін енгізу, мақсаты - қызмет көрсету сапасы мен тиімділігі пациенттің мүддесіне бағытталған медициналық қызмет көрсетушілер үшін КPI әзірлеу жоспарланған»,-деді министр. Аталған бастамаларды көтерудегі негізгі мақсат - медициналық қызметтің халыққа қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету болып табылады.



Дереккөз: Қазақпарат