СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Біртанов депутаттарға міндетті медициналық сақтандыруға енгізілетін өзгерістерді таныстырды
14 наурыз 2017
Біртанов депутаттарға міндетті медициналық сақтандыруға енгізілетін өзгерістерді таныстырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Парламент Мәжілісінде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айта кетейік, 2017 жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі. 2015 жылы 16 қарашада «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң қабылданды. Ол медициналық сақтандыру жүйесін қалыптастыру бойынша нормаларды көздейді. «Бұл заң жобасы 6 кодекс пен 16 заңға өзгерістер енгізуді көздейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша, заң жобасы мөлшерлемелерді және аударымдар мен жарналарды есептеу нысандарын өзгерту, сондай-ақ төлеушілердің жаңа санаттарын, олар үшін жарналарды мемлекет жүзеге асыратын жаңа адамдар санатын енгізу, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын ұйымдастыру және медициналық сақтандыру мен тегін медициналық көмек кепілдік көлемі жүйесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сынды мәселелерге қатысты өзгерістер ұсынылады», - деді министр. Оның сөзінше, макроэкономикалық ахуалдың тұрақсыздығына орай, медициналық сақтандыруда жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің жарна үлесін кеміту ұсынылған болатын. Аталмыш ұсыныс Үкімет тарапынан қолдауға ие болды. Жаңа заң жобасы бойынша, жұмыс берушілердің жарналары 2017 жылдың 1 шілдесінен - 1 пайыз, 2018 жылдың 1 қаңтарынан - 1,5 пайыз, 2022 жылға дейін оның көлемін 3 пайызға жеткізу көзделген. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, сақтандыру қорына 5 пайыз жарна төлейтін болады. «18 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жүргізетін жұмыссыз тұлғаларға мемлекет есебінен жарна төленеді, жоғары оқу орнын іштей бітірген түлектер 3 айға жарна төлеуден босатылады. Жұмыссыз жүрген оралмандар тіркелген күннен бастап, бір жылға дейін мемлекет есебінен міндетті сақтандыруға ие бола алады. Тегін медициналық сақтандыруға жұмыссыз жүрген және Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтары, олардың ішінде зейнеткерлер, балалар, мүгедектер, студенттер қол жеткізе алады», - деді министр. Оның айтуынша, медициналық қызметтер әскери, құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін әскери медициналық бөлімшелерде мемлекет есебінен тегін жүргізілетін болады.



Дереккөз: Қазақпарат