СК-Фармация

Қазақстан жаңалықтары

Елжан Біртанов: 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті медициналық сақтандыру енгізіле бастайды
29 наурыз 2017
Елжан Біртанов: 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті медициналық сақтандыру енгізіле бастайды

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдің медициналық активтерімен кездесу өткізіп, бірқатар денсаулық сақтау объектілеріне барды. Ведомство басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі принциптерін түсіндірді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған жаңа бастамалар барысы туралы мәлімдеп, дәрігерлердің барлық сұрақтарына жауап берді,  деп хабарлайды BNews.kz.

Министр аурулардың алдын алу, ерте анықтау және ауруларды басқару бағдарламасына (АББ) баса көңіл бөлінетін №5 қалалық емханаға барды. 2016-2019 жылдарға арналған жіті миокард инфарктісі және инсультке, жарақат, қатерлі ісік аурулары мен босандыру қызметі және балаларды басқару бойынша денсаулық сақтаудың біріктірілген модельдерін енгізу жөніндегі Өңірлік Жол картасы жүзеге асырылып жатқан пилоттық аймақтардың бірі ретінде Батыс Қазақстан облысы өлім-жітім көрсеткіші мен асқынған аурулар саны жағынан жағымды көрсеткіштерге ие.

Бұдан әрі Елжан Біртанов терминал арқылы электрондық кезекті басқару жүйесінің, хирургиялық қызмет, облыс тұрғындарының көкейкесті мәселелерін шешуге негізделген жедел желі жұмыстарымен танысты.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев облыста бірыңғай Call-орталығы 36 ауруханалар мен емханаларда жұмыс істейтінін және әртүрлі типтегі медициналық ұйымдардағы клиникалық және клиникалық емес процестерді автоматтандыруға арналған медициналық ақпараттық жүйе (МАЖ) енгізіліп жатырғанын хабарлады.

Елжан Біртанов 2017 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру енгізіле бастайтынын еске салды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары және сақтандырылған тұлғалар үшін МӘМС шеңберінде медициналық қызметтер қолжетімді болмақ.

Медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде азаматтарға медициналық қызметтердің екі түрлі пакеті ұсынылады.

Бірінші - профилактикалық егулер, жедел жәрдем, санитарлық авиация, шұғыл медициналық көмек, әлеуметтік мәні бар ауруларға стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруларға көрсетілетін ТМККК базалық пакеті екенін айтты. Ол Қазақстан Республикасының барлық азаматтары үшін қолжетімді болады.

Сонымен қатар, 2020 жылға дейін, яғни жалпыға бірдей декларациялауды енгізгенге дейін МӘМС жүйесінде медициналық көмекке құқығы жоқ адамдарға дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін амбулаториялық-емханалық көмек көрсетілетін болады.

Екінші - бұл Қорға міндетті сақтандыру жарналары мен аударымдар есебінен қаржыландырылатын медициналық көмекті қамтитын МӘМС пакеті. Оны МӘМС қатысушылары болып табылатын тұлғалар ала алады. Бұл қызметтер амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етілетін амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек, қалпына келтіріп емдеу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық көмек көрсету, паллиативті көмек және мейірбике күтімі.

Бұдан әрі министр медициналық қауымдастығымен көп бейінді қалалық ауруханада кездесу өткізді. Онда денсаулық сақтау саласын жаңарту бойынша Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттары туралы айтты, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру жүйесін Қазақстанда енгізу бойынша заңнамаға ұсынылып отырған жаңалықтарға жеке-жеке тоқталды.

Елжан Біртанов Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізудің кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, денсаулық сақтауды ақпараттандыру, дәрілік заттардың бағасын реттеуді енгізу сияқты денсаулық сақтау жүйесінің алдында бірқатар міндеттер тұрғандығын айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, МЖС инфрақұрылымды дамытудың негізгі, оның ішінде әлеуметтік тетігі болуы тиіс.

Осыған байланысты, Министрлікте Бизнес-кеңес – мемлекет пен бизнестің мәселелерін шешу алаңы құрылды және белсенді түрде жұмыс істейді. Бүгінгі күні Азия Даму Банкімен бірлесіп төрт пилоттық МЖС жобасы жүзеге асырылуда.

«Мемлекеттік-жеке серіктестік күрделі құрылым болып табылатынын түсіне отырып, медициналық объектілерді сенімді басқаруға беруге үлкен мән беріледі. Тұтастай алғанда, республика бойынша 9 объекті сенімгерлік басқаруға берілді», - деді министр.

Ағымдағы жылы дәрілік заттарға арналған бағаларды реттеу бойынша ҚР тиісті заңнамасына өзгерістер енгізу жоспарланған.

Бұрын хабарланғандай, Қазақстанда «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, МӘМС-ті енгізуге қатысты төмендегі жарна мен төлем мөлшерлемесі қарастырылды:

- жұмыс берушілердің жарналары: 2017 жылдың шілдесінен бастап мөлшерлеме 1 %; 2018 жылы - 1,5%, 2020 жылы - 2%, 2022 жылы - 3%;

- жеке кәсіпкерлер, нотариустар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар – кірістен, 2017 жылғы шілдеден бастап 2 ЕТЖ-дан 5% кем емес;

- жұмыс күші тобына кірмейтін (өзін өзі өнімсіз еңбекпен қамтығандар) азаматтар жарнасы -2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 ЕТЖ-дан 5%;

- халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобы үшін мемлекет төлейтін жарна 2018 жылдың қаңтарынан - 3,75%, 2019 жылдан бастап - 4%, 2022 жылдан бастап – 4-5 % болады.

Кездесу соңында Е. Біртанов қатысушылардың сұрақтарына толыққанды жауап берді.

Дереккөз: www.bnews.kz